Қызметкер ҚР Еңбек кодексі мен қызметтік әдеп нормалары бұзылды деп санайды
Алматыда әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан жағдай жұрт назарын аударды. Қалалық телекоммуникация және машина жасау колледжінің қызметкері басшылықпен арадағы кикілжіңнен соң ауруханаға түсті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жүктілігіне бес ай болған әйелдің айтуынша, ұжымның жиналысы кезінде колледж директоры Ардақ Қожахметова қатты сөздер айтып, көпшіліктің көзінше зекіп тастаған. Қызметкер өзін қорланғанын айтты. Ол бұл әрекетті психологиялық қысым деп санайды.
Оқиғадан кейін әйелдің қан қысымы 150/100-ге дейін көтеріліп, жедел жәрдем шақырылған. Дәрігерлер оның жағдайын бақылауға алып, жүктілікті сақтау үшін ауруханаға жатқызған. Дәрігерлердің алдын ала бағалауынша, күйзеліс салдарынан мерзімінен бұрын босану қаупі туындаған.
Желіде тараған бейнежазбада директордың қатты сөйлегені естіледі. Кейін ол қызметкердің жүкті екенін «ұмытып кеткенін» айтқан. Алайда бейнежазбадағы көрініс қоғам арасында түрлі пікір туғызды.
«Бүгін әріптесімізді әдеттегідей құттықтау үшін қызметкерлер болып директордың кабинетіне жиналдық. Алайда директор қызметкерлерге дауыс көтеріп, жекіп, орынсыз кінә тақты. Осы кезде директор ешбір заңды негізсіз әріптестерімнің көзінше мені кемсітіп, ар-намысымды қорлайтын сөздер айтты. Дәлелсіз айыптап, шындыққа жанаспайтын дүниелер айтты. Бейнежазбада айтылғандардың бәрі жалған. Менің Директор менің жүктілігімнің бесінші айы екенін жақсы біледі. Соған қарамастан, ол маған психологиялық қысым көрсетіп, көпшілік алдында қорлап, дөрекі сөздер айтты. Мұндай әрекеттер менің еңбек ету құқығымды өрескел бұзу болып саналады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген, жүкті әйелдерді қысымнан, кемсітуден және қолайсыз еңбек жағдайынан қорғауға арналған кепілдіктерге қайшы келеді», — деді қызметкер.
Ауруханаға түскен қызметкер бұған дейін де директордың оған тисіп келгенін атап өтіп, мемлекеттік органдарға ресми түрде шағым түсіргенін айтты. Өтініш e-Otinish порталы арқылы жолданған.