Белсенді 37 күн еріксіз психиатриялық орталықта жатқанын мәлімдеді
Қазақстанда медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы жиі талқыланатын тақырыптың бірі. Алайда кей жағдайда осы мәселені көтерген адамдардың өзі түрлі қысымға ұшырайтыны жөнінде де айтылып жатады. Фельдшерлердің еңбек жағдайын жақсарту мәселесін көтерген Өмірбек Мухаммад Әділбекұлы өзінің заңсыз түрде психиатриялық есепке қойылғанын айтып, бұл іске құқықтық баға беруді сұрап отыр. Ол 37 күн бойы еріксіз психиатриялық ортаққа жатып шыққанын айтты.
Qaz365.kz редакциясы Мухаммад Әлібекұлына хабарласып, істің мән-жайын анықтады.
Өмірбек Мухаммад 2018 жылдан 2024 жылға дейін ол Түркістан облысы Отырар аудандық ауруханасында, Павлодар облысы Ақтоғай аудандық ауруханасында, Астана қаласының жедел медициналық жәрдем көрсету станциясында, сондай-ақ Астана қаласындағы Төтенше жағдайлар министрлігінің Апаттар медицинасы орталығының трассалық медициналық-құтқару пунктінде фельдшер болып қызмет атқарған маман. Қазіргі таңда бұл қызметте емес.
Өмірбек Мухаммадтың айтуынша, ол 2025 жылғы қараша айында фельдшерлердің әлеуметтік және еңбек жағдайына қатысты мәселелерді көтеру үшін бірнеше мемлекеттік органға ресми өтініш жолдаған.
Оның ішінде Қазақстан Парламенті, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдар бар. Өтініштер eGov порталы арқылы жіберілген.
Сонымен бірге ол еліміздің түрлі өңіріндегі медицина қызметкерлері өзара пікір алмасуы үшін WhatsApp мессенджерінде ашық топ құрған. Айтуынша, бұл топқа Қазақстанның әр аймағынан фельдшерлер мен медицина қызметкерлері қосыла бастаған.
Олардың талаптары мынадай болған:
Алайда осы бастамалардан кейін, оның сөзіне қарағанда, Түркістан қаласының полиция қызметкерлері бірнеше рет үйіне келіп, топты жабу жөнінде ауызша ескерту жасаған.
Полиция басқармасына жеткізілген күн
Өмірбек Мухаммадтың айтуынша, 2025 жылғы 5 желтоқсанда екі полиция қызметкері оны «түсініктеме бересіз» деген уәжбен үйінен Түркістан қалалық полиция басқармасына алып кеткен.
«2025 жылғы 5 желтоқсан күні сағат 14:30 шамасында екі полиция қызметкері мені осы іс бойынша «түсініктеме бересіз» деген уәжбен тұрғылықты мекенжайымнан Түркістан қалалық Полиция басқармасына алып кетті. Мен полиция басқармасының ғимаратында сағат 14:40-тан 17:40-қа дейін, шамамен үш сағат бойы тергеуде болдым. Тергеу барысында екі жедел уәкіл бір сұрақты бірнеше рет қайталап қойып, маған қатысты «үкіметке қарсы шығып жүрсің», «халыққа үгіт-насихат жүргізіп отырсың» деген мазмұндағы сөздер айтты. Сағат шамамен 17:30-да өзімді әлсіз сезініп, жүрегім айнып, құсқым келіп тұрғанын айттым. Осыған байланысты жедел жәрдем шақырылды», – дейді ол.
Оның сөзінше, осыдан кейін жедел жәрдем бригадасы мен полиция қызметкерлері оны «медициналық тексерілуге апарамыз» деген сылтаумен Шымкент қаласындағы психиатриялық медициналық ұйымға жеткізген.
«Жалған ақпаратпен алдап апарды»
Өмірбек Мухаммад полицияның бұл әрекеті заң талаптарын өрескел бұзу екенін айтады.
«Анамның маған қатысты жазған арызын негізге ала отырып, полиция қызметкерлері жедел жәрдем бригадасының қызметкерлерімен бірігіп, «Шымкент қаласындағы облыстық клиникалық ауруханаға медициналық тексерілуге апарамыз» деген желеумен қасақана жалған ақпарат беру арқылы мені жаңылыстырып, нақты жеткізу мақсатын түсіндірместен, заңсыз түрде еркімнен тыс Шымкент қаласының психиатриялық медициналық ұйымына жеткізді», – дейді ол.
Оның айтуынша, сол сәтте дәрігерлік-психиатриялық комиссияның қорытындысы болмаған, соттың заңды күшіне енген шешімі болмаған, өзі ерікті түрде келісім бермеген.
Психиатриялық стационардағы 37 күн
Өмірбек Мухаммадтың айтуынша, алдымен ол психиатриялық медициналық мекемеде 48 сағат бақылауда болған. Кейін дәрігерлер тарапынан қысым жасалғанын айтады.
«Осы мерзім аяқталған соң бөлім меңгерушісі, кезекші дәрігер және бас дәрігердің екі орынбасары тарапынан маған психологиялық қысым көрсетіліп, шешім қабылдау еркіндігім шектелді. Маған екі нұсқа ұсынылды: Біріншісі — өз еркіммен 10–15 күн жатсам, жеңіл диагноз қойып, психиатриялық есепке алмай шығаратынын айтты.Екіншісі — келіспесем, сот арқылы еріксіз қайта әкеліп, шизофрения диагнозын қойып, дәрілерді күштеп салатынын және психиатриялық есепке алатынын ескертті», – дейді ол.
Осы жағдайдан кейін болашақ өмірі мен жұмысын ойлап, ол «өз еркіммен емделуге келісемін» деген құжатқа қол қоюға мәжбүр болғанын айтады.
Алайда уәде етілген 10–15 күннің орнына, ол психиатриялық ауруханада 37 күн болған.
Туыстарымен кездесуге рұқсат берілмеген
Өмірбек Мухаммадтың сөзінше, осы уақыт ішінде ол әкесімен және басқа да жақын туыстарымен байланыса алмаған. Айтуынша, жақындарының оны көруіне, сондай-ақ оның денсаулық жағдайы туралы ақпарат алуына мүмкіндік берілмеген.
Тек 2026 жылғы 12 қаңтарда ғана ол медициналық мекемеден шығарылып, сол күні алғаш рет әкесімен кездескен.
«Анам арызды өз еркімен жазбады»
Өмірбек Мухаммадтың айтуынша, оның психиатриялық мекемеге жеткізілуіне негіз болған арызды анасы жазғаны туралы ол тек ауруханадан шыққаннан кейін ғана білген.
«2025 жылғы 5 желтоқсан күні анам Түркістан қалалық полиция басқармасына маған қатысты арыз жазғанын мен тек 2026 жылғы 12 қаңтарда, психиатриялық диспансерден шыққаннан кейін ғана білдім», – дейді ол.
Оның айтуынша, бұл арыз ешқашан ресми түрде көрсетілмеген, мазмұны түсіндірілмеген, тергеу кезінде де, медициналық мекемеде де таныстырылмаған.
Ол арыздың бар екенін тек медициналық құжаттан оқыған.
«Анам барлық шындықты егжей-тегжейіне дейін айтып берді. Өз еркімен ешқандай арыз жазбағанын, Түркістаннан бірнеше орган қызметкерлері келгенін, екі мүмкіндік бар сотталады немесе емдетуге жібересіз дегенін айтты. Содан анамның өз еркінен тыс арыз жазуға мәжбүрленгенін түсінуге болады», — деді Мухаммад.
Өмірбек Мухаммад анасының сөздері жазылған бірнеше телефон әңгімесінің бар екенін айтады. Оның сөзінше, бұл жазбаларда арыздың өз еркімен жазылмағаны туралы айтылған.
Мәселен, әкесімен телефон арқылы сөйлескен кезде анасы былай деген:
«Сен мектепке кел, көр. Балаңды сұра, кім не қылды деп айтады. Бүлік шығарған жоғары жақтан келді ғой. Сотталайын деп тұр емделуге деп екі-ақ мүмкіндік айтты. Пайдаланасыз деп емделуге жібергенде шешесі жазып жіберу керек деді ғой, сосын жаздық қой. Емделуге жіберемін дедім. Арыз жаз деп жоғары жақ айтты».
Тағы бір телефон әңгімесінде ол:
«Өзіне өзі істеді, фельдшердің айлығы көбейсін деп жазған. Қазір бүлікшінің қатарында тұр, өзі Тоқаевтың тізіміне ілініп кетті. Маған директор айтты: “Екі-ақ нұсқа бар — соттайсың ба, әлде емдеуге жібересің бе” деді. Хабар жоғары жақтан келді. Мен оған арыз жазып ешнәрсе жазған жоқпын ғой, арыз жаздырса, ана жағынан өздері жаздырып жіберген», – деп айтқан анасы.
Өмірбек Мухаммадтың айтуынша, бұл әңгімелердің аудио және видеосы бар.
Қазір ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Бас прокурор Берік Асыловқа және Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға өтініш жолдаған.
Өтінішінде ол:
Qaz365.kz осы мәселе бойынша Түркістан облыстық полиция департаментіне, Түркістан қалалық полиция басқармасына және Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасына ресми сауал жолдады. Qaz365.kz редакциясы істі ары қарай бақылап, тікелей ақпарат таратып отырады.