Польшада хабар-ошарсыз кеткен Қазақстан азаматы Екатерина Шилова өлі табылды. Бұл ақпаратты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі растады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қазіргі уақытта Қазақстанның Польшадағы елшілігі қаза тапқан әйелдің отбасымен және жергілікті құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста отыр. Дипломаттар консулдық мәселелерді шешуге, соның ішінде мәйітті отанға жеткізу процесіне көмек көрсетуде. Ведомство бұл жағдайды ерекше бақылауға алғанын хабарлады.
42 жастағы Екатерина Шилова 18 ақпанда Варшава қаласында жоғалып кеткен болатын. Ол сол күні кешкі рейспен Астанаға ұшуы тиіс еді, алайда әуежайға келмеген. Бұған дейін әлеуметтік желілерде оның жоғалғаны туралы ақпарат кең таралған еді.
Туыстарының айтуынша, жоғалар алдында оның телефонынан «Германиядан жұмыс табылды, билетті өткізіп жібердім» деген мазмұнда күдікті хабарлама келген. Жақындары бұл мәтін оның жазу стиліне мүлдем ұқсамайтынын, хабарламаны басқа біреулер жазуы мүмкін екенін алға тартқан болатын. Осы хаттан кейін қазақстандықтың телефоны өшіп, байланыс үзілген.