×

«Бетіңді таптап кетеміз»: Түркістан облысында бір топ жігіт 500 теңге үшін дүкен иелерін сабап кеткен

Бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірген Талғар қаласындағы Шерзаттың қайтыс болуына байланысты «Қамажай» дүкеніндегі оқиға қайталана жаздады

«Бетіңді таптап кетеміз»: Түркістан облысында бір топ жігіт 500 теңге үшін дүкен иелерін сабап кеткен
Фото: Бейнеден кадр

Бір апта бұрын Түркістан облысы Арыс қаласында бес жүз теңге үшін жанжал шықты. Даудың басы темекі сатып алуға келген адамның ескі ақша беруінен басталған. Дүкен иесі жарамсыз ақшаны қабылдаудан бас тартқан соң, бұған ашуланған сатып алушы қасына он шақты жігіт ертіп келіп, талаптарын орындамаған дүкен иесін мектепте оқитын інісімен бірге есінен танғанша соққыға жыққан. 

Qaz365.kz редакциясы істің мән-жайын анықтады.

Жәбірленуші Алмасбек Әліпбайтегінің дүкеніне келген екі жігіт темекі алу үшін 500 теңге ұсынған. Алайда қағаз ақша тозып, түтіліп кеткен соң бұл ақшаның жарамайтынын түсіндірген. Осы үшін жанжал шығып, ақыры екі жігіт тағы бір топ адамды ертіп келіп, Алмасбек Әліпбайтегін және оның інісін соққыға жыққан.

«Түтіліп кеткен ақша ұсынды. Оның жарамайтынын, басқа біреулерге де бере алмайтынымды түсіндірдім. «Қалай сонда алмайды? Қазір ағаларымды шақырып келемін. Бетіңді таптап кетеміз» деген. «Шақырсаңдар, шақырыңдар. Мен енді не істеймін? Дұрыс түсінбей жатсаңдар. Айтып түсіндіре алмай жатсам» дедім. «Қазір күт онда. Келіп бетіңді таптап кетеміз» деп екеуі кетті. Мен жұмыс істеп отыра бердім. Адамдар келеді. Тастап кете алмаймын ғой. Сонымен шамамен 15-20 минуттан кейін он шақты бала кіріп келді. Ең үлкеніне жағдайды түсіндіремін деп қалғанына «сәл алыстау тұр» деп айттым. Сөйтіп ең үлкеніне жағдайды түсіндіріп жатсам, ол қасындағыларға қолын сермеп шақырып алды. Ана балалар содан жүгіріп келді. Қолымнан ұстап тұрды. Қорғануға мүмкіндігім болмады. Жабылып екі қолымнан қысып ұстап алып, бетімнен ұра бастады. Бетім ісіді, желкемнен, мойнымнан, бауырым мен бүйрек тұсымнан ұрды. Қабырғаларым әлі ауырады. Маңдайдан ұрды. Еңкейіп есімнен тана бастаған кезде басымнан теуіп қалды. Екі жағымнан екі адам ұстап тұрды. Тепкен кезінде қабырғаларыма да тиді. Біздің еден жуғышпен басымнан ұрды. Есімнен танайын деп еңкейіп тұрғанда желкемнен ұрды. Аз уақытқа есімнен танып қалып, есімді жиып жүрегім айнып жатқан кезде тағы да еден жуғышпен ұрды», — деді Алмасбек Әліпбайтегі.

Ол сол кезде бір топ адамның сөрелердегі алатын заттарды алып жатқанда інісінің жүгіріп келгенін айтты. Оның сөзінше, мектепте оқитын інісін сырттағы адамдар да, жүгіріп келгеннен кейін оны соққыға жыққан бір бала да ұрған. Сол кезде ол ұрмауын талап етіп айқайлағанда бір топ адам дүкеннен шығып, қаша бастаған. Кейін Алмасбек Әліпбайтегінің әкесі жүгіріп келіп, оқиғаны көріп, жедел жәрдем шақырған.

Тістері босап, миы шайқалып, қабырғасы зақымдалған жігіттер Полиция бөліміне бес күн бойы арызды өткізе алмадық дейді. Айтуларынша, құзырлы орган өкілдері тек іс туралы желіге жариялаған соң ғана жұмысты бастаған. 

«Қоңырау шалып шақыра алмай жүргенбіз ғой. Әлеуметтік желіге салып, у-шу шыққан соң ішкі істер бөлімінің адамдары келді. Оларды шақырып келтіре алмай жүргенбіз. Сол күні ауырып тұрсам да, қарындасымыз екеуміз ішкі істер бөліміне бардық. Қабырғамды ұстап алып барғанмын. «Басым айналып тұр, жүрегім айнып тұр. Тез арызымды жазып, тастап кетейін» дедім. Сонымен Қуаныш деген істі анықтайтын адам келіп: «тек еркекті кіргіз» деді. Мені ғана алып кетті. Қарындасым менің басымның айналып, жүрегім айнып тұрғанын айтып, бірге кірмек болып еді. Оған келіспеді. Қарындасым маған көмектесе алмағанына налып жылады. Ол жылаған соң желіге болған оқиғаға қатысты «видеолар мен суреттерді сала бер» дедім. Сол жарияланған соң кешке ішкі істер бөліміне мені алып кетті ғой. Демалып жатуым керек қой. Ауруханадан шыққаныма бір апта болмаған. Мені жатқызбады», — деді Алмасбек Әліпбайтегі.

Жәбірленуші келген адамдардың дүкендегі заттарды алып кеткенін де айтты. 

«Бұл жерде бір бап қана емес, бірнеше баппен қарайтындай оқиға болды. Сынған заттар бар. Сөредегі заттарды алып кетті. Кассадағы ақшаны әлі санамадым. Әлі білмеймін. Оны да алуы мүмкін. Есімнен танып жатқан соң, ақша касса деген ойда болмады», — деді Алмасбек Әліпбайтегі. 

Ағайынды жігіттерге шабуыл жасағандардың екеуі қазір қамауда отыр. Ал қалғандарының жауапқа тартылмай, еркін жүргеніне жәбірленушілер наразылық танытты. 

«Кеше арыз жазуға барсақ, екі баланы ұстаған, екі бала тайраңдап жүр. Бөлімнің ішінде маған күліп, ыржаңдап жүрді. Жастары өзімнен кіші балалар. Сонымен екі баланы ұстады. Ана екі баланы ұстады. Тағы екі баланы «ертең ұстаймыз» деді. «Сенің арызыңнан кейін ұстаймыз» деді. Қайдам, әлі ұсталмады-ау...», — деді жәбірленуші. 

Түркістан облысы полиция департаменті тергеу басқармасы аталмыш факт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, қазіргі уақытта «бұзақылық», яғни «адамдар тобы жасаған қылмыс» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.

«Арыс ауданының бір дүкенінде болған оқиғаға қатысты топпен жасалған бұзақылық белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Екі күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Толық және объективті тергеу жүргізу үшін кешенді процессуалдық шаралар жүргізіліп жатыр», – деді полиция.

Айта кетейік, «Ең бақытты елдер» рейтингінде Қазақстан дамыған елдерді басып озды. 

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →