×

«Көлікпен адамдарды басып өтпек болған»: Ресейдегі қазақстандық жұмысшылардың қатысуымен болған жанжалдың видеосы тарады

«Көлікпен адамдарды басып өтпек болған»: Ресейдегі қазақстандық жұмысшылардың қатысуымен болған жанжалдың видеосы тарады
видеодан кадр

Ресей Федерациясының Ленинград облысы Усть-Луга кентіндегі вахталық қалашық аумағында қазақстандықтардың қатысуымен жаппай қақтығыс орын алды. Threads платформасында тараған кадрларда адамдар тобының төбелесіп жатқаны және бір сәтте жиналған топтың ортасына жеңіл көліктің жоғары жылдамдықпен басып кіргені көрінеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Алдын ала мәліметтер бойынша, жанжал қазақстандық жұмысшылар мен нысанның күзет қызметі арасында туындаған. Сондай-ақ желіде күзетшілердің адамдарды көлікке күштеп тиеп жатқаны бейнеленген екінші видео да жарияланды.

ҚР Сыртқы істер министрлігі Tengrinews редакциясының сауалына берген жауабында бұл оқиғаның болғанын растап, жағдайдың бақылауда екенін хабарлады.

«Санкт-Петербургтегі Қазақстанның Бас консулдығы 2026 жылғы 26 наурызда Усть-Луга кентіндегі "Велестрой" компаниясының нысанында болған қақтығыс туралы ақпаратты тексеріп жатыр. Қазіргі уақытта оқиғаға қатысушыларды Ресейдің құқық қорғау органдары мән-жайды анықтау үшін ұстады. Ресейдің құзырлы органдарына және компания басшылығына ресми сауалдар жолданды», — деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта қазақстандық дипломаттар Санкт-Петербург пен Ленинград облысының Ішкі істер басқармасымен тұрақты байланыста отыр. Басты мақсат – зардап шеккен отандастарымыздың санын анықтау және олардың құқықтық мәртебесін нақтылау.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →