Қостанай қаласында қоғамдық тәртіпті бұзған бір топ ер адам полиция қызметкеріне жаппай шабуыл жасады. Оқиға офицер қызметтік киіммен кішкентай балаларын ертіп, жұмысқа шығуға дайындалып жатқан сәтте орын алған. Тәртіп сақшысы мас күйінде өрескел әрекеттерге барған топқа ескерту жасағаны үшін соққыға жығылған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қостанай облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, күдіктілер заңды талапқа бағынудың орнына, өкімет өкіліне қарсы ашық агрессия көрсетіп, физикалық күш қолданған. Шабуыл жасаушылардың саны көп болғанына қарамастан, олар оқиға орнынан қашып үлгере алмады. Барлық қатысушы жедел анықталып, ұсталды.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Департамент өкілдері полиция қызметкеріне оның кәсіби қызметіне байланысты қол жұмсау заңмен қатаң жазаланатынын ескертті.
«Мұндай әрекеттерге ешқандай ымырасыз, қатаң түрде тосқауыл қойылады. Әрбір кінәлі тұлға заң алдында толық көлемде жауап береді», — делінген ресми хабарламада.
Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланған жоқ.