Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының Подстепное ауылында мектеп автобусы мен бағыттық автобус соқтығысып, салдарынан адамдар зардап шекті. Оқиға бүгін, 31 наурыз күні сағат 14:00 шамасында Самара – Шымкент тас жолының бойында орын алған. Бұл туралы Polisia.kz ақпараттық порталы мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Алдын ала мәліметтер бойынша, маршруттық автобус мектеп автобусына соғылған. Соққы пәрменінен оқушылар мінген көлік алдында тұрған жеңіл автомобильге барып соғылған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккендер бар, олардың арасында мектеп оқушылары да бар. Бақытымызға орай, қаза тапқандар жоқ. Зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетілді.
Қазіргі уақытта полиция аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғады. Апатқа себепкер болды деп танылған маршруттық автобус жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына (УҰИ) қамалды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.