Маршруттық автобус жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды
Бүгін Батыс Қазақстанда қоғамдық көлік мектеп автобусымен соқтығысты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жол-көлік оқиғасы бүгін, 31 наурызда, сағат 14:00 шамасында Теректі ауданының Подстепное кентінде болды.
“Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Самара – Шымкент республикалық автожолымен келе жатқан маршруттық автобус мектеп автобусымен соқтығысып, салдарынан соңғысы инерциямен алда тұрған автокөлікке соғылған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккендер тіркелді, олардың ішінде балалар да бар. Қаза болғандар жоқ. Барлығына медициналық көмек көрсетілді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Маршруттық автобус жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды”, – делінген Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінде..
Қазіргі уақытта оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеуде. Барлық мән-жай анықталып, әрбір қатысушының әрекетіне құқықтық баға беріледі.