Балақайдың әзірге аяқ киімі ғана табылған екен
Екі жасқа да толмаған Раянаның табылмай жатқанына бүгін үшінші күн. Бүкіл ауыл болып іздеуге кіріскен кішкентай қыздың әзірге аяқ киімі ғана анықталыпты. Соның өзін медет тұтқан ата-анасы перзентінің аман-есен оралатынына үміттеніп отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Раянаның анасы 31 наурыз күні кешкі бестер шамасында қызын үйінің алдына ойнатуға алып шығыпты. Сөйтіп, өзі отын бұтауға кіріскен дейді жақындары. Бар сұмдық та дәл осы қас-қағым сәтте болған. Көзді ашып-жұмғанша 1 жас 8 айлық қыз үй маңындағы Машат өзеніне кетіп қалып, содан бері табылмай жатыр.
«Осыдан үш күн алдын немереміз көшеде балалармен ойнап жүріп суға ағып кеткен. Содан бері қаншама адамдар келіп, өздерінің көңілін айтып көмегін беріп жатыр. Мемлекеттік қызметкерлерге аудан әкімінен бастап, барлық МЧС дей ма құтқарушылар ма, солдаттар ма барлығын осы жаққа алып келіп тастаған», – дейді туысы Ергеш Досметов.
Ағысы қатты өзенге кеткен Раянаны іздеп Машат маңында қазір 300 адам жүр. Оның ішінде ауыл тұрғындары мен еріктілер де бар. Төтенше жағдай қызметкерлері де аз емес. Олардың арасында құтқарушы болып қызмет атқаратын Раянаның әкесі де жұмыс істеп жатыр.
“Жалпы іздестіру жұмыстарына 300-ге жуық адам, 14 бірлік техника, 2 жүзу құралы, ТЖМ 1 кинологиялық есебі мен ұшқышсыз ұшу аппараты және 1 спутниктік байланыс құралы тартылды. Қазіргі уақытта су түбі 1 км, жағалау сызығы 5 км, сондай-ақ дрон арқылы 1 км аумақ тексерілді. Іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасуда”, – дейді Түркістан облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Балақайдың әзірге аяқ киімі ғана табылған екен. Оның өзі өзеннің ауыл басындағы бөлігінен шыққан. Есікке елеңдеген анасы көз алдында ағып кеткен қызының аман келерінен күдер үзбей отыр.