Оның бірі ағаш басындағы мысықты құтқармақ болған
Павлодар қаласында бір күнде биіктен құлау салдарынан екі адам қаза тапты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Екі оқиға да қайғылы аяқталып, қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тексеріс жүргізіп жатыр.
Бірінші жағдайда 50 жастағы ер адам ағаш басында қалып қойған мысықты түсірмек болған. Ол шамамен 6 метр биіктіктен жерге құлап, ауыр жарақаттар алған. Зардап шегуші жедел түрде ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Екінші оқиға қаланың Марғұлан көшесінде орын алды. 1955 жылы туған әйел адам биіктен құлап, алған жарақаттарынан оқиға орнында тіл тартпай кетті. Полицияның мәліметінше, марқұм бұған дейін психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған.
Қазіргі уақытта екі факті бойынша да қажетті сараптамалар тағайындалып, оқиғалардың мән-жайы анықталуда. Құзырлы органдар тұрғындарды биік жерлерде сақтық шараларын сақтауға шақырады.