Өрттен 14 адам қаза тапты
Президенттің өзі Вьетнамға жоспарланған ресми сапарын кейінге қалдырып, Абай облысына бармақшы. Жергілікті атқамінерлер Президент келеді деп жол жөндеуге кірісіп кеткен, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Абай облысындағы орман өртінің ауқымды болғаны соншалық, әлемдік Greenpeace халықаралық ұйымының картасында ең үлкені ретінде тіркеліп, жүздеген өрт сөндіруші тілсіз жаумен әлі күресіп жатыр. Алдымен отставкаға кеткен министр Ильинді Абай облысына жіберген Президент Тоқаевтың көп өтпей өзі де сол жаққа баратыны жөнінде ақпарат тараған. Алайда Мемлекет басшысының оқиға орнына баруы облыс билігі үшін «емтиханға» айналған сыңайлы.
Жалпы, Абай облысындағы өрт жалғыз экс-министр Ильин үшін емес, басқа да шенеуніктер үшін мемлекеттік қызметтегі «қылкөпірге» айналатын түрі бар. Семейге дейін қауіп төндіре жаздаған орман өртінің себебін тіпті облыс басшысынан көріп, оның отставкасын талап етіп жатқандар бар. Қызметінен кеткен Юрий Ильин де едәуір сынның астында қалды.
Орман өрті шарпыған Бородулиха ауданында журналистер де жүр. Соның бірі – «Президент келеді деп әбігерге түсті» деп сюжет жасаған Atameken Business тілшісі Жанболат Санияз. Оның хабарлауынша, Абай облысында жолдар асығыс жөнделіп жатыр.
«Неше күннен бері ел аузында болған Абай облысында «ертең Президент келеді» деген ақпарат бар. Соған байланысты Бородулиха ауданында бүгін таңертеңнен ала-шапқын. Әсіресе, жол жөндеушілер тыным таппаған. Ойдым-ойдым жолға алдымен құм шашқан. Содан кейін тауыққа бидай шашқандай әр жерге асфальтты шашып кеткен. Одан жолдың тегістелмейтінін өздері де біледі. Оны көрген халық та аң-таң. Өйткені мұндағылар жол мәселесін көтеріп, жөндете алмай жүргеніне талай жыл болған», - дейді ол.
Әлеуметтік желіде жергілікті биліктің бұл әрекеті әлбетте, ашу-ыза туғызып, тіпті кейбір қолданушылар мұны жай қалдырмау керек деп пікір жазып жатыр.
Ал Абай облысындағы өрттен қаза болғандардың саны бүгін 14-ке жетті. Олардың қандай жағдайда жан тапсырғаны әзірге айтылмайды. Ал тілсіз жаумен күрес әлі жалғасып жатыр.