×

«Сергейді көргендер бар. Ол адасып кетті»: өрт кезінде жоғалып кеткен тракторшының туыстары жаңа деректер айтты

10 маусымнан бастап онымен байланыс үзілген

«Сергейді көргендер бар. Ол адасып кетті»: өрт кезінде жоғалып кеткен тракторшының туыстары жаңа деректер айтты
instagram.com/oo_osa_semey_vko

«Семей орманы» табиғи резерваты Дөлен орман шаруашылығының тракторшысы 9 маусым күні орман өртін сөндіруге көмекке кеткен. 10 маусымнан бастап онымен байланыс үзілген. Жоғалған жігіттің аға-жеңгесімен тілдескен BaigeNews.kz сайтының тілшісі жаңа деректермен бөлісті деп хабарлайды Qaz365.kz

Дөлен орман шаруашылығының тракторшысы 36 жастағы Сергей Архипов 9 маусымда өрт өшіруге кеткен. Қызметтік автобуспен әріптестерімен бірге ол Қаштақ орман шаруашылығына жетіп, жер жыртуға кіріскен. Соңғы рет ол жұма күні кешке туыстарымен хабарласқан. 

«Ол Қаштақта болды, өртенбеген жерді жыртқан. Біздің орман шаруашылығында айтқандай, ол сонда болған. Содан кейін рация бойынша адасқанын хабарлайды. Рацияның батарейкасы отырып қалды ма, әлде басқа бірдеңе болды ма, әйтеуір, оны ешкім алып кетпепті, ол байланыссыз отырған. Ұялы телефон да, рация да жұмыс істемеген», - деді тракторшының жеңгесі Әсемгүл Архипова.

Туған ағасы Александр Архиповтың айтуынша, бүгін таңертең, 12 маусымда оған ауыл шетіндегі тракторда Сергейді көргенін айтып, Бородулиха ауданының тұрғыны қоңырау шалыпты. Жоғалған адам жол көрсетуді өтінген.

«Біз інімнің жоғалғаны туралы ақпарат бердік. Хабарландыру әлеуметтік желілерде тарады. Бүгін таңертең маған Бородулихадан қоңырау шалды. Ер адам інімді іздегенімді хабарландырудан көргенін және оны фотодан танығанын айтты. Кеше таңертең оны Бородулиханың қасынан көріпті. Сергейдің тракторда отырғанын және Долоньяның қасындағы Мостик ауылына жол іздегенін, адасып кеткенін айтқан», - деді жоғалған тракторшының ағасы Александр Архипов.

«Айтуынша, ол дірілдеп тұрған, темекі сұраған, сосын кетіп қалған. Қоңырау шалуды да, ішуді де сұрамаған. Қазір біз оның қай жаққа кеткенін және басқа да мәліметтерді білу үшін Бородулихаға барамыз», - деді Әсемгүл Архипова. 

Қазір полицейлер жоғалған адамды іздеп жатыр. Абай облыстық полиция басқармасының мәліметінше, Сергей Архипов 10 маусымнан бастап байланысқа шықпаған. Полиция мен ТЖМ қызметкерлері бірге тракторшыны іздестіруде. Сонымен қатар, әуеден де іздестіру жүргізілуде. Тікұшақтың көмегімен Бесқарағай ауданының 36 жастағы тұрғынының тракторы табылады деген үміт бар.
 
Сергей Архипов үйленген, оны үйде әйелі мен екі баласы (14 жастағы қызы мен 8 жастағы ұлы) күтіп отыр. Айта кетейік, бүгін Абай облысында өрт сөндіру кезінде орман шаруашылығының тағы бір қызметкері жоғалып кеткені белгілі болды.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →