Роман Скляр журналистерге жауап берді
Былтыр Қостанайдағы 300 гектарға жуық орманды алқаптың 43 мыңы жанып кетті. Бұл «Үкіметке сабақ болмаған ба?» Өйткені биыл Семейде бұдан да үлкен аумақты қамтыған өрт болды. Оның көлемі 60 мың гектардан асады. 15 адам қаза тапты. Үкімет отырысынан кейін бірінші вице-премьер Роман Скляр журналистердің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ол былтырғы жағдай «Үкіметке сабақ болмаған ба?» деген тілшінің сауалына олай демес едім деп айтты.
«Біз материалдық-техникалық қамту жағынан жұмысты күшейттік. Бұл жағдайда өте күрделі ауа райы болған. Ауа температурасы 38 градусқа дейін көтерілген, жел жылдамдығы секундына 25 метрмен соққан. Өрт мұндайда тез тарайды», – деп жауап берді бірінші вице-премьер.
Роман Скляр кейінгі жылдары техникамен қамту жағынан жағдай күрделеніп кеткенін мойындады.
«Бізде кейінгі жылдары техникалар жағынан жағдай күрделеніп кеткен. Әйтпесе, әрдайым жетпей жатқандарының орнын толтыруға тырысып келеміз. Бұл жағдайда рациялар мен арнайы техникалар болмаса, бұл мәселенің мән-жайы әлі анықталады. Қылмыстық істің шеңберінде әлбетте», – деді ол.
Шынымен де техникалардың ескіргені, тіпті, жеткіліксіздігі де желіде біраз сынға ұшырады. Мысалы, Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов өз көзімен көргенін айтты.
«Өртті әлі сөндіре алмай жатыр. Бәрі жаңбырдың жауғанын күтіп отыр. Басқа іс-әрекет істейін десе, техникамен толық қамтамасыз етілмеген. 15 орманшы өрттің қандай деңгейде екенін білмеген. Өйткені, оларда не дрон жоқ, не диск құралы жоқ. Жалаң қолымен барып, содан қаза тауып отыр. Сондықтан бұл жағдай көп зерттеуді қажет етеді. Бұның саяси себеп-салдарын, кінәлі адамдарды анықтау керек. 15 адамның қанын төгіп, осындай жағдайға жетіп отырғанымыз өкінішті», - деді депутат.
Өрт және оның қайғылы салдары жайындағы мәселе орман шаруашылығы саласында ғана емес, одан да тереңде жатқанын тағы бір айқындап берді. Басқасын былай қойғанда, былтырғы Қостанай облысындағы өрттен сабақ алмағанымыз көрінді.
Қоғам белсендісі Дидар Смағұлов Қостанайдағы өрттен кейін де көп ештеңе өзгере қойған жоқ деп санайды.
«Былтырғы Аманқарағайдағы өрттен кейін орман шаруашылығындағы жұмысшыларды жеткіліксіз қамтамасыз ету туралы көп айтылды, бірақ жағдай өзгерген жоқ: қарапайым қызметкерлердің жалақысы әлі 90 мың теңге шамасында. Бұлар нағыз батырлар болса да алатыны мардымсыз. Өрт сөндірушілер төтенше оқиға кезінде бастарын өлімге тігеді. Олар бірінші мүмкіндікте қашып кетпейді, бірақ шайқасқа бірінші болып барады. Әрине, олар 90 000 теңге үшін ерлік жасаған жоқ, бәріміздің амандығымыз үшін жасады. Олардың ерліктері алдында бас иіп, бүкіл елмен бірге аза тұтамын», - деді Дидар Смағұлов.