Кінәлі азаматқа заң шеңберінде шара қолданылуын талап етеді
“Алматы” арнасы бүгін кәсіби міндеттерін атқару барысында қызметкерлерінің басынан өткен оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
“Құрметті достар! Бүгін алаңдатарлық бір жағдай болды. Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан 4 жастағы Айкөркем Мелдеханның өліміне қатысты Алматы гарнизонының әскери соты маңында біздің әріптестерімізге азаматтық белсенді Белялов Байбах күш көрсетті. Еш себепсіз түсірілім тобына тап берген азамат журналист пен телеоператорға дене жарақатын салып, бейнекамера штативін сындырған. Онымен қоймай әріптестерімізге бұдан кейін де қандай да бір әрекет жасайтынын айтып, қорқытқан, боқауыз сөз айтқан.
Біз Айкөркем Мелдеханның қазасына қайғырамыз, бірақ бұл оқиғаға да бейжай қарай алмаймыз. Сонымен қатар БАҚ өкілдеріне күш көрсетуді тәртіпсіздік һәм заңға қайшы әрекет деп санайтынымызды жеткізгіміз келеді. Осы тұста кінәлі азаматқа заң шеңберінде шара қолданылуын талап етеміз”, - делінген мәлімдемеде.
Сондай-ақ телеарна ұжымы елдің Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінен, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен қызметкерлердің қауіпсіздігі қамтамасыз етуді сұрайды.