Ол үшін қазір ең бастысы – Үндістаннан қашып шығу
«Немолчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі Үндістанның Калькутта қаласында үш баласымен тұратын қарағандылық тұрғынның хатын жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Үлкен баласы 10 жаста болса, ортаншысы 3,5, кіші бір жаста.
«Егер бұл жерден кетіп қалатын аз ғана мүмкіндігім болса, бір сәт те тұрмас едім. Маған көмектеріңіз керек. Күйеуім 4 жылдан бері ұрады, тұншықтырады. Тамақ ішуді шектейді. Өзі отбасын асырамайды, ішіп жүреді. Балаларымды ешқайда шығармайды. Үлкен қызыма оқуға мүмкіндік бермейді және оны да ұрады, қорқытады», - делінген әйелдің хатында.
Ол үшін қазір ең бастысы – Үндістаннан қашып шығу. Елге жетіп алсам, балаларымды асырап, аяққа тұрып кетер едім деп армандайды. Бірақ кенже баласында виза жоқ, үлкенінде визалық режим бұзылған.
«Мен мұнда өлгім келмейді, балаларымның болашағы жарқын болғанын қалаймын. Күйеуім маған тамақты да, үйдегі хаттарды да лақтырады. Оны балаларым көріп отырады», - дейді хат иесі.
Дина Таңсәрі бұл әдетте жиі кездесетін жағдайдың бірі екенін айтып отыр. Яғни үйленгенше күйеуі керемет. Сосын некелескен соң, ойына келгенін істей бастаған.
«Ол қазір күйеуіне тәуелді болып отыр. Бір күні өлтіріп қоюы мүмкін. Ол кезде бәрі кеш болуы мүмкін. Біз тек жаңалықтардан еститін боламыз. Қалайша бұл әйелге ешкім көмектесе алмайды? Ол да – біздің елдің азаматшасы. Кез келген адам осындай қиын жағдайға тап болуы мүмкін. Оған мемлекеттік қолдау қажет. «Немолчи» қоры Сыртқы істер министрлігі, әйелдер құқықтары жөніндегі ұлттық комиссия және Қазақстанның Үндістандағы елшілігі, сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев мен балалар омбудсмені Динара Зәкиеваның осы іске араласуын сұрайды», - дейді Дина Таңсәрі.