Сыртқы істер министрлігі Түркияда көлік апатына ұшыраған қазақстандық отбасының екі адамы қаза болғанын растады
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Түркияда көлік апатына ұшыраған қазақстандық отбасының екі адамы қаза болғанын растады, деп хабарлайды Qaz365.kz. Жол апаты салдарынан журналист Арайлым Бағытжан екі жасар қызымен бірге көз жұмды.
«Кеше суық хабар алдық. Жол-көлік апаты орын алып, бір жанұя зардап шекті. Оның салдарынан 1989 жылы туған әйел мен екі жасар қызы қайтыс болды. 986 жылы туға ер азамат, сол әйелдің күйеуі ауыр жағдайда, жансақтау блімінде жатыр қазір. Ал 2014 жылы туған ер бал ауруханада. Оның денсаулығы мен өміріне ешқандай қауіп төніп жүрген жоқ. Біздің дипломаттар ол отбасының туыстарымен байланыста. Бүгін-ертең туыстары Түркияға жету керек. Барлық қажетті консулдық, құқықтық көмек көрсетеміз», - деді ресми өкіл брифинг барысында.
Оның айтуынша, отбасы Түркияға 31 тамызда демалуға келген. 4 қыркүйекте елге қайту керек болған. Кеше бір экскурсияға шығып, сафари-көлікке мініп, басқа көлікпен соқтығысқа кезде бәрі көліктен сыртқа ұшып кеткен.
«Көлікте 15 адам болған деген дерек бар. Соның төртеуі біздің азаматтар. Екеуі көз жұмды. Екеуі қазір ауруханада. Бұл отбасында сақтандыру полюстері болған. Түркияға туыстары жеткен соң, сол жерде нақты шешім қабылданады. Жақын арада Қазақстанға тездетіп жеткізуге көмек көрсетіледі», - дейді ол.
СІМ ресми өкілі қазақстандықтарды шетелде жүрген кезде қауіпсіздікке баса көңіл бөлуге шақырды.
«Біздің азаматтар шетелге демалуға барған кезде немесе басқа мақсаттармен жүрген кезде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаған жөн деп ойлаймыз. Біздің білуімізше, рас па өтірік пе, тергеу анықтай жатар, қауіпсіздік белдемшесін тақпаған. Содан мәшинеден бәрі ұшып шыққан», - деді Айбек Смадияров.