×

Майқайыңдағы автобус апаты: Блогер Қытайдың көмегі қажет екенін айтады

«Жарылған жерді көріп, бойыңды тағы да опырылып кете ме деген үрей билейді екен»

Майқайыңдағы автобус апаты: Блогер Қытайдың көмегі қажет екенін айтады

4 қаңтарда Павлодар облысындағы «Майқайың-алтын» АҚ аумағында, Майқайың кеніші шахтасының жанындағы тазарту кеңістігіне 4 жолаушы мінген автобус құлаған болатын. Сол күні ТЖД құтқарушылары қайтыс болған екі адамның денесін тауып, жер бетіне шығарды. Алайда шыңырауға құлаған автобус жүргізушісі мен тағы бір құтқарушы әлі табылған жоқ. Іздеушілермен бірге сол жерде екі рет болған блогер Оңғар Қабден Qaz365.kz тілшісіне оқиға орнындағы қазіргі жағдайды айтып берді.

«7 қаңтарда бір барғанмын. Содан кейін бүгін келдім. Ресми дерек бойынша, шұңқырдың тереңдігі 66 метр. Ұзындығы 130 метр, ені 120 метр. Өлшем кәсіпорындағы маркшрейдер құралымен жасалды. Әзірге автобустың нөмірі, сөмке, құтқарушылардың жұмыс құжаттары мен автобустың шанақ бөлшегі табылды. Бірақ ол табылған кезде өзім болған жоқпын», – дейді Оңғар Қабден.

Оның айтуынша, автобус құлағаннан кейін оны үйінді басып қалған. Нақты не болғанын ешкім білмейді.

«Бүгін темір құбыр шықты. Кеше екінші экскаваторды әкеп түсірді. Қазір георадар көрсетті деген үш жерді қазып жатыр. Бұл георадар дегеніңіз магнитометр мен гравиметрдің жұмысын да қатар атқара береді екен. Кез келген темірді де көрсететіндіктен, ол көрсеткен жерден автобус шықпауы да мүмкін. Яғни, құбыр да, автобус та, қоршаудың қадасы да ол үшін темір. Шұңқырдың маңайындағы жер жарылып кеткен. Құтқарушылар белдерін арқанмен байлап, бастарын қатерге тігіп жұмыс істеуде. Жарылған жерді көріп, бойыңды тағы да опырылып кете ме деген үрей билейді екен», – дейді блогер.

Жалпы іздестіру жұмыстарына 147 адам жұмылдырылған, оның ішінде жер астында 45-і жүр екен.

«Автобус жүргізушісі Айып Тілеубергенов пен құтқарушы Айдос Шәймерденнің туыстары олар тірі деген үмітте. Айдостың жұбайы Нұрсұлу Шәймерденмен сөйлестім. Табылмаған адамдардың туыстары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап жатыр. Туғандары мына жерде іздестіру жұмысына жұмылдырылған техникалардың сай емес екенін айтады. Олар тірі деп үміттенеді. Иттерді түсіріп көріп еді, олар үріп-үріп қайтты», – дейді Оңғар Қабден.

Ол мұндай апат Қытайда көп болатынын айтып, сол жақтан көмек сұраған дұрыс деп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, 4 қаңтарға қараған түні «Майқайың-алтын» АҚ аумағында Майқайың  шахтасына жақын жерде төрт жолаушы мінген автобус ойыққа құлап кеткен болатын. Одан бері 18 күн өтті. Қазу жұмыстары жүріп жатыр.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Марқұмның туыстары бұл іс БАҚ өкілдерінің қадағалауында болғанын қалап отыр
Журналистің бұл жазбасы оқырман арасында қызу талқыға түсті
Аталған жайтқа байланысты облыстық білім басқармасының басшысы сұхбат бермеген

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →