Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды
Полиция Алматы және Шымкент қалаларының аумағында қаңтар оқиғасына қатысушыларды ұстады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«7 ақпанда Алматы және Шымкент қалаларының аумағында ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөліністерінің қызметкерлері ұзақ уақыт бойы қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып жүрген қаңтар оқиғасының екі қатысушысын ұстады», - деп жазылған хабарламада.
Олар «Дикий Арман» лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиев ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшесі болған.
«Ұсталғандардың бірі Самат Әмірбаев 2022 жылы Шымкентте кісі өлтіруге және сол қаланың басқа тұрғынына қатысты өзінше билік етуге қатысы бар деген күдікке ілінген. Ол Түркістан облысының аумағында ұсталды. Оның кісі өлтіру фактісі бойынша сыбайластарының бірі 16 жылға сотталып, қазіргі уақытта бас бостандығынан айыру орнында жазасын өтеп жатыр», - дейді ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.
Оның айтуынша, ұйымдасқан қылмыстық топтың екінші мүшесі Алматы әуежайында шекаралас елдің аумағынан келгеннен кейін ұсталған. Онда ол Қазақстанның құқық қорғау органдарынан жасырынған.
Ұсталған адамдар уақытша ұстау изоляторына қамалды.