×

«Өзінің туған күнінде»: Жалдамалы пәтерде екі баласын өлтірген әйелге қатысты тың деректер айтылды

Күдікті Шымкенттен табылған

«Өзінің туған күнінде»: Жалдамалы пәтерде екі баласын өлтірген әйелге қатысты тың деректер айтылды
Фото: Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі

Түркістанда екі баласын өлтірген әйелдің ісі бойынша тың деректер айтылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваның айтуынша, келіншек балаларды өлтірейін деп жатқанын айтқан.

«Қызылорда облысының тумасы Түркістан қаласына келіп, пәтер жалдағаны, содан соң туыстарына балаларды өлтірейін деп жатқаны туралы айтқаны белгілі. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Істі тергеумен Түркістан облыстық полиция департаменті айналысуда», – деп жазды Закиева әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ktk.kz хабарлауынша, Қызылорда облысының тумасы Түркістанға қыдырып келген екен. Киелі шаһарда пәтер жалдап тұрған. Шиелі ауылында балабақшада жұмыс істеп келген 31 жастағы әйелдің Түркістанға неге және кімге келгені әзірге белгісіз. Өзінің туған күнінде жалдамалы пәтерде 5 және 2 жастағы балаларын жастықпен тұншықтырып өлтіргенін құрбысына телефонмен айтып, өзі із суытқан. Құрбысы полицияға хабар берген.

Сол күні екі баласын өлтірген әйел Шымкент қаласындағы қонақүйде ұсталды. Қазір сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.

«Адам өлтіру фактісі бойынша барлық мән-жайларды анықтау мақсатында тергеу жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды, күдікті әйел қамауға алынды. Істің тергеу барысы менің жеке бақылауымда», – деді  Түркістан облысы ПД бастығы Мұрат Қабденов.

Қызылорда облыстық білім басқармасының мәліметінше, ұсталған әйел педагогикалық қызметте бірқатар жетістікке де жеткен. Диспансерлік есепте жоқ. Ата-енесі бар, жұбайымен бірге тұрған. 7 ақпанда жұмысқа келмеген.

Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлігі (адам өлтіру, екі немесе одан көп) бойынша он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру не өмiр бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Еске салайық, 7 ақпанда Түркістан қаласының жалдамалы пәтерлерінің бірінен екі жас баланың денесі табылған болатын. Жантүршігерлік қылмысты істеген деген күдікпен балалардың анасы ұсталған еді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →