Ол оқиғаларды бүгін алдын ала тыңдауда прокурор айтқан еді
Қуандық Бишімбаевтың қолынан өлді делінген Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді алғашқы сот отырысынан кейін әлеуметтік желіге жазба жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ол бұрын іске байланысты кейбір деректер тым қатігез сипатқа ие болғандықтан, оны айта алмағанын жеткізді. Ол оқиғаларды бүгін алдын ала тыңдауда прокурор айтқан еді.
«Бізге «Салтанат неге кетпей оған қайта оралды?» деген секілді сұрақ көп қойылады. Маған да жұмбақ. Оның жауабын кейін білдім. Бишімбаев түсірген видеодан кейін! Ол жайлы айтқымыз келмеген, өйткені оны есту ет жақындарымызға ауыр тиеді. Сондықтан видео жайлы қоғам білмесе екен дедік. Әдеп нормасы бар. Менің міндетім - бәрін бүге-шүгесіне дейін айтып, біреуді қаралау емес, отбасымды ойлау және оларға қамқорлық таныту болған еді», - дейді Айтбек Амангелді әлеуметтік желіде.
Астанада бүгін бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев және оқиға болған гастро-орталықтың директорына қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау басталды.
Сотта мемлекеттік айыптаушы айыптау актісін оқып, Бишімбаев Нүкенованы қорлап, сабап ұстағанын мәлім еткен.
Сотта Бишімбаев айыбын мойындамайтынын, алқа билер мен журналистерді тартып, ашық сот өткізуді талап ететінін мәлімдеді.