×

«Дүкеннен нан алып келгенім үшін итше тепкіледі»: Жат ағымға ерген ер адамның әйелі қандай қорлық көргенін айтып берді

Әйел бірде қасын жұлдыртып келгені үшін де таяқ жеген

«Дүкеннен нан алып келгенім үшін итше тепкіледі»: Жат ағымға ерген ер адамның әйелі қандай қорлық көргенін айтып берді
Видеодан скриншоттар

Ұлттық қауіпсіздік комитеті деструктивті «Тамұқ» атты деректі фильмді ютуб-арнасында жариялады. Онда діни ағым жетегінде кеткен ер адамның әйелі басынан өткен қорлығын айтады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Беті блюрленген әйел күйеуі әуелі хиджап кигізгенін, кейін намазға жығыл деп бұйырғанын баян етеді. Әр жексенбіде әйелдер жиналып, дөңгеленіп алып, кітаптар оқитынын айтады. 

«Ол жер сұмдық суық болды. Еденде жаттық. Ауырып жүрсем де сүйрелеп алып барды сол жаққа. Паспортымды дайындап берді. «Балаларымды сағындым, елге қайтайықшы, егер өліп қалсам, осы жақта қаламын ғой» деп жалынғаныма да қараған жоқ. «Егер өлсең, шаһид боласың» деді. Күйеуің не айтса да тыңдау керек, айтқанынан шықпау керек деп миымызға сіңіріп жіберген ғой. Көзіне де тік қарамаймыз. Жұмыстан келгенде аяқкиімдерін өзі шешпейді, оны шешіп беруіміз керек. Тек жатады, қол-аяғына дейін жуып береміз. «Итаат» деп айтады, жәннатқа сол кезде кіресің дейді. «Егер жәннатқа кіргің келсе, осындай қиындықтарға көнуің керек» деп айтатын», - дейді ол.

Әйел күйеуі тіпті балконға да шығармай, қамап ұстағанын есіне алады. Бірде өлімші етіп сабап, реанимациядан шығарған кезі де болғанын айтып жылайды. Оған да көнген. Бірақ тоқал алғанда «бәріне шыдадым, бірақ бұған шыдай алмаймын, бұл сенің мазағың» деп ашуланған. Күйеуі теледидар көруге болмайды деп тыйым салын, телефонын тартып алған. «Тек намаз бен кітап оқы, балаларды соған үйрет» деп бұйырған. 

«Бір жыл осылай өмір сүрдім. Тіпті балконға да шығарған жоқ. Қайта атам мен енем араласып, сыртқа шығарғанда, сенесіз бе, түрмеден шыққандай болдым. Жабайы болып кете жаздадым. Бірде, балаларым кішкентай, үйде нан бітіп қалып, дүкеннен нан алып келгенім үшін «Неге менің рұқсатымсыз далаға шықтың!?» деп итше тепкілеген. Бұл қорлыққа шыдай алмай, асылып өлейіін деп жатқанда атам құтқарып қалған. Балаларым айтса керек, – дейді ол.

Әйел бірде қасын жұлдыртып келгені үшін де таяқ жеген. «Осы қасыңды жұлдың ба!?» деп тырнағымен қырып тастаған. Осы күні басы қатты ауырады екен. Өйткені ол «сені жынды қыламын» деп басынан көп ұрған. 

«Балаларым өскенше тірі жүрем бе екенмін деп қорқамын. Өжет қыз едім, жасық қылып тастады. Тіпті сөйлеуге де қорқатын болдым. Біреу бірдеңе деп сөйлесе, селк ете қаламын. Көп қиындық көрдім. Өзі қырық күнге кеткен кезде квартирада қаламыз. Аш қаламыз ба, пәтерге ақша төленбей жатыр ма, бәрібір еді, қарамайтын, - дейді ол.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Олар қаржылық қылмысты екі жыл бұрын Тұрар Рысқұлов ауданында жүзеге асырыпты
Астана қаласының білім басқармасы оқиғаны бақылауына алған
Әу баста әжетханада қайтыс болған мектеп директоры өзі құлап қайтыс болды деген

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →