Жергілікті тұрғындар 6 айдан бері хат жазып, мәселелерін айтумен келеді
Алматы облысының атынан Мәжіліске депутат болып сайланған Данияр Қасқарауов Қарасай ауданына қарасты Кемертоған ауылының мәселесін жиі көтеріп жүр. Бұған дейін төменгі палатада жарық мәселесін айтып, депутаттық сауал жолдаған. Бұл жолы өзі жергілікті халықпен кездесіп, әкімге жол мәселесін шешу керектігін айтып, біраз дауласып алды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Мен өз көзіммен Кемертоғанды аралап көрдім. Ана жолдар соғыс болып жатқан Сирияның жолдарынан да жаман. Үш ауылда 60 мың халық тұрады. Істеу керек. Қашанғы ақша жоқ деп айта береміз? Балалар ауырып жатыр. Қар тазаланбайды. Ауылда жұмыс жоқ халық амалсыз қалаға барып жұмыс істейді. Транспортпен қалаға бару үшін жол керек. Аудан әкімі Жасұлан Естенов келгеніме 1,5 жыл ғана болды дейді. Смета жоқ деп отыр. Бізде мәслихат депутаттары қайда? Арасында 30 жыл облыс басқарған мықты азамат та отыр ғой. Сол депуттарымыз жарық мәселесін неге қолға алмаймыз? Әдемі сөйлейміз, жылы жауып қоямыз. Мұның артында қандай нәтиже болмақ», - дейді Данияр Қасқарауов.
Оның айтуынша, жергілікті тұрғындар 6 айдан бері хат жазып, мәселелерін айтумен келеді екен. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевқа жарық бойынша сұрақ қойғанын, жеке өз бақылауына алғанын айтты.
«Мұның бәрі реттеу керек қой. Су тартайын десең, жол жекеменшіктің қолында, интернет орнатайын десең, столба жекеменшіктің қолында. Бұл не масқара? Ауыл халқы түннің бір уағында бізге мұңын шағып хабарласады. Біреу асылып, біреу өртеніп өлеміз дейді. Біз заң шығарушы органбыз. Астанадан ұшып келіп ондай мәселе шеше алмаймыз. Бірдеңе болса, депутаттар ештеңе шешпейді деп шығады. Өткенде екі апта су басқан жерлерді араладым. Сонда аудан әкімі соңына дейін жүруі қажет еді», - дейді депутат.