Желіде Қуандық Бишімбаевтың отбасы мен жақын туыстарының кірісін тексеру туралы петиция жарияланған еді
Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың отбасы мен туыстарына тиесілі активтердің қандай жолмен алынғанын тексеруге дайын екенін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Қазірге дейін бізде тіркелген қылмыстық іс жоқ. Біз әлемдік деңгейде заңсыз жолмен алынған қылмыстық кірістерге қатысты тұрақты негізде тексеру жүргіземіз. Қылмыстық жолмен алынып, заңдастырылған заңсыз кірістер болса, міндетті түрде жауапқа тартамыз. Петицияға келсек, оның нәтижесін күтейік. Бұл мәселені зерттеп, оған міндетті түрде назар аударамыз», – дейді Жеңіс Елемесов.
Желіде Қуандық Бишімбаевтың отбасы мен жақын туыстарының кірісін тексеру туралы петиция жарияланған еді.
Айта кетейік, 13 мамырда Астана қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әйелін аса қатігездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаев 24 жылға сотталды.
Оған «қинау» (110-баптың 2-бөлігі) және «аса қатігездікпен адам өлтіру» (99-баптың 2-бөлігі) баптарымен айып тағылған.
Ал аса ауыр қылмысты жасырды деп айыпталған Бақытжан Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды.