Айыппұлдардың жалпы сомасы 22 млн теңгеден асады
Ішкі істер органдарының қызметкерлері жүйелі жемқорлық үшін сотталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Антикордың ақпаратынша, осы айда бірқатар ішкі істер органының басшылары сотталған.
Мәселен, Өскеменде қалалық басқарманың әкімшілік полиция бөлімінің бастығы А.Тернопольскийге және басқа адамдарға қатысты үкім шықты. Ол мамандандырылған тұрақтардан автокөліктерді заңсыз шығарып бергені үшін жүйелі негізде 20 мыңнан 50 мың теңгеге дейін пара алған. Сот үкімімен оған айыппұл салынды, сондай-ақ ол «полиция подполковнигі» арнайы атағынан айырылды.
Бұдан бөлек, парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін Өскемен қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны взводының командирі Р. А. Байтанбалиев және ШҚО ПД ӘПБ инспекторы М.Б. Ербаков, сондай-ақ көмек көрсеткені үшін №5 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Д.Т. Биекенов сотталды.
Айыппұлдардың жалпы сомасы 22 млн теңгеден асады.
«ҚК 41-бабына сәйкес, айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда жаза бас бостандығынан айыруға ауыстырылады», - деп ескертті Антикор.
Сондай-ақ, Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен Есіл ауданы полиция басқармасы анықтау бөлімінің бастығы Е. Жұманов 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Ол ауыр қылмыс жасаған айыпталушыны қылмыстық жауапкершіліктен заңсыз босатқаны және дәлелдемелерді бұрмалағаны үшін кінәлі деп танылды.
Үкімдер заңды күшіне енді.
Бұған қоса, Ақтөбе облыстық полиция департаменті Мәртөк аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары А. М. Ерғалиев 5 жыл 6 айға сотталды. Ол заттай айғақтарды (612 мың қорап темекі) жеке меншікке заңсыз беріп, мемлекетке 243 млн теңгеден астам залал келтірген. Осылайша лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланған.
Ал Ақтау қалалық соты облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ш. Қалмұрзаевты 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Ол ел аумағында болған кезде жалпы қамқорлығы үшін шетелдіктен 3 млн теңге көлемінде пара алған.
Барлық сотталған адам арнаулы атақтарынан және мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылды.
Үкімдер әзірге заңды күшіне енген жоқ.