×

«Мектепке тиесілі жерді алып қойды»: Қызылордалық ата-аналар әкімдіктің шешіміне қарсы шықты

Қазіргі таңда кешеннің жоба-сметалық құжаттамасы дайындалуда

«Мектепке тиесілі жерді алып қойды»: Қызылордалық ата-аналар әкімдіктің шешіміне қарсы шықты
Фото: kaztag.kz

Қызылордада Сейілбек Шаухаманов атындағы дарынды балаларға арналған №9 облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының ата-аналары бас көтерді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Өйткені лицей аумағынан жалпы көпшілікке арналған спорттық нысан салынбақшы. Оған  мектеп оқушыларының ата-аналары қарсы. Қазір хатқа 120 адам қол қойған. Qaz365.kz тілшісі белсенді ата-аналардың бірі Разия Молдабековамен тілдесті.

«Бұрынғы ҚТЛ, қазіргі «Білім-Инновация» лицейінде оқитын оқушының ата-анасымын. Осында біздің қыздар мен ұлдар оқиды, мұнда 500 бала білім алады. Арғы беттегі кең жерді алып қойды, оны кім алғанын білмеймін. Сонымен қатар түлектеріміз екі жыл бұрын осы жерде футбол алаңын салып, онда балалар күндіз-түні футболмен айналысатын. Бұл «Білім-Инновация» лицейі тек облыстық, республикалық қана емес, халықаралық олимпиадаларда құшақ-құшақ медаль алып жүрді. Былайша айтқанда, қаламыздың миы. Енді сол 500 баланы бір төрт қабырғаға қамап, мына үлкен жердің бәрін облыс үшін маңызды нысан салу мақсатында алып қоймақ, бәлкім алып та қойған шығар. Онда спорттық нысан салынады», – деді Разия Молдабекова.

Оның айтуынша, ата-аналар облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Баймановпен кездескен. 

«Жолығуға оның өзі мүдделі болды. Сосын бейтарап аймақта кездестік. Бізді алдап көндіруге тырысты. Сұрағымызға жауап бере алмады. Оның әңгімесі қанағаттандырмады», - деді Молдабекова. 

Оның айтуынша, әкімдік әртүрлі қитұрқы әрекеттерге көшпекші болған. Салынатын спорт кешені жартылай жекеменшік болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады. 

«Бізді мазақ қылып тұр. 150 ата-ана болып, облыс әкімдігіне, қала әкімдігіне хат жазғанбыз. Олар eOtinish арқылы директорларын жауап береді деп қайта өзіміге жөнелте салған. Лицей директорының бастамасы секілді болып қалды. Адамды мазақ қылып тұр. Директордың қатысы жоқ екенін біледі. Бұл жерде кімнің әрекеті екені туралы нақты дерек жоқ. Бірақ ата-аналардың айтуынша, бұл ғимараттың жартылай жекеменшік болуы мүмкін екені айтылады. Толық мемлекеттік емес болмауы мүмкін», - дейді ата-ана.

Оның айтуынша, ата-аналарға әр түрлі органның қызметкерлері келген. Полиция, білім басқармасы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері сұрақтарыңыз болса «бізге айтыңыздар» деумен болған.

«Жиналғанымыздың себебі басқа, сіздерге ешқандай өтініш айтқан жоқпыз. Облыс әкімдігі де жиналысқа қайта-қайта тарта берді. Біз бармадық. Сөйтсек, өздерінің видео-есептері үшін керек қылған. Кездесуді қалап тұрған жоқпыз, неге қинай бересіздер дедік. Әр-түрлі сөздер айтып арандатуға тырысты. Жиналысқа келмесеңдер, ата-аналар келісті сырттарыннан хаттама толтырамыз деді. Шахмардан Баймановқа «Халыққа қызмет» ету керектігін ескерттік», - дейді Разия Молдабекова. 

Әкім орынбасары белсенді ата-аналарға бұл Үкіметтің шешімі, егер қаласақ ешқандай рұқсатсыз-ақ бастап кетеміз деп ескерту жасаған.

Лицей учаскесінен 2,1га жер алынып жер учаскесінің нақты өлшемге сәйкес шекарасын қайта бекітіп, сәйкестендіру құжаты рәсімделуі жөніндегі мәселеге байланысты Білім-инновация лицей-интернатының ата-аналары, комитет мүшелері, әкелер кеңесі, аналар академиясы, қамқоршылық кеңес мүшелері қарсылықтарын білдіріп отыр. 

Әкімдікке журналистік сауал жолдаған едік. Олар жағдайды былай түсіндірген:

«Біріншіден, бұл жер телімі мемлекет меншігінде. «Білім-инновация» лицей-интернатының жалпы аумағы – 4,6 гектар, спорт кешеніне қажетті жер көлемі –  2,1 гектар. №9 (244 оқушы) және №10 (239 оқушы) лицейлердің жобалық қуаты  500 орын, яғни осынша оқушыға арналған. Елімізде «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтер» ережелер жинағы қолданылады. (ЕЖ 3.01-101-2013). Осы ережеге сәйкес,  оқушы саны 500 және одан көп болған жағдайда, жер 1 оқушыға 40 шаршы метрден кем болмауы керек. Лицей-интернаттың 500 оқушысына 2 гектар жер тиесілі болуы тиіс. Кешенге бір бөлігі алынғаннан кейін қалған 2,5 гектар жер лицей қажеттілігін толық қамтамасыз етеді. Қолданыстағы заңнама талаптары еш бұзылмастан сақталады. Ең бастысы, салынатын көпфукнционалды кешен лицейдің оқу-тәрбие процесіне, білім сапасына әсер етпейді», – делінген жауапта.

ҚР Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 24 қарашадағы №473 бұйрығымен бекітілген «Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, діни білім беру ұйымдарының білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптары және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесіне» сәйкес келетін көрінеді. Стандарт бойынша білім нысанындағы спорт залы дене шынықтыру пәнінің өтуіне жеткілікті, сыртқы спорт алаңының болуы талап етілмейді деп отыр. 

«Екіншіден, ата-аналардың алаңдаушылығын тудырған мәселе – қазіргі қолданыстағы оқушылардың сабақтан бос уақытта серуендеп, тынығуы үшін лицей түлектері есебінен салынған шағын спорт алаңы, беседка, орындықтар ғимараттың артқы жағындағы бос алаңқайға көшіріліп беріледі, яғни, мектеп мүлкіне ешқандай материалдық шығын келтірілмейді .Үшіншіден, салынуы жоспарланған «Қызылорда арена» – түрлі бағыттағы шараларды өткізуге арналған көпфункционалды кешен. Бұл нысан қаланың қарқынды дамып келе жатқан жаңа орталығы Сұлтан Бейбарыс көшесінде орналасады. Жоғарыда аталып өткендей, құрылысқа қажетті жердің жалпы аумағы – 2,1 гектар. Ғимараттың жалпы алаңы 14 000 шаршы метр, 3 қабатты болады», – делінген жауапта.

Кешенде 2 000 көрерменге арналған әмбебап арена, 50 метрлік олимпиадалық стандартқа сай бассейн және сыйымдылығы 600 көрерменге арналған зал, жекпе-жек жаттығу, құрылтай өткізетін және хореография залдары қарастырылған. Сонымен қатар, аренаның инфрақұрылымдық жүйелері мен автотұрақ мәселесі де оңтайлы шешіледі. Бұл бюджет есебінен жұмсалатын қаржыны да үнемдеуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда кешеннің жоба-сметалық құжаттамасы дайындалуда.

«Төртіншіден, бұл жер бұған дейін 10 жылдан астам уақыт игерілмей, бос жатты. Осы орынның таңдалуының басты себебі – «Саяхат», «Сырдария», «СПМК-70» мөлтек аудандары, Тасбөгет кенті, Ақсуат ауылдық округі мен «Сабалақ» саяжайы жақын. Аталған мөлтек аудандар тұрғындарын спорттық нысанмен қамтамасыз ету, шалғайдан қала орталығына қатынап, үйірмелерге қатысатын мектеп жасындағы 30 мың оқушының мәселесі осылайша тиімді шешілмек. Өңірдің ауа райы ерекшелігін ескеретін болсақ, қысы суық, жазы ыстық Қызылорда қаласы үшін бұл кешен тұрғындар мен балаларға жайлы орта қалыптастыратыны сөзсіз.ь Айта кететін бір жайт, кешеннің лицей ғимараты жанында орналасуы оқушылар мен білім ошағы ұжымына да тиімді. Себебі, алдағы уақытта спорттық, мәдени-көпшілік шараларды осы кешенде тегін өткізуге мүмкіндік беріледі.Сонымен қатар, қазіргі таңда облыс көлемінде тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру мақсатында саябақтар мен аллеялар, скверлер, спорттық нысандар жаңғыртылып, абаттандырылуда», – делінген жауапта.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Ер адамға қатысты іс екі түрлі баппен қозғалған
Көше мен ескерткіш тақтаның ашылуы 2024 жылдың 21 қарашасында өтті

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →