Шымкентте тас пен құм сататын кәсіпкерлерде маза жоқ
Шымкентте кәсіпкерлер әкімдік ғимаратына келіп, шу шығарды. Құрылыс заттарын сататын азаматтар жергілікті билік жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді деп наразы, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі «Информбюро 31» бағдарламасына сілтеме жасап.
Айтуларынша, шенеуніктер тас пен құм сататын кәсіпкерлердің бар затын шашып кеткен. Соның салдарынан шығынға баттық деген шағымданушылар қала әкімінен көмек сұрайды.
Шымкентте тас пен құм сататын кәсіпкерлерде маза жоқ. Айтуларынша, жергілікті билік қайта-қайта айыппұл салып, енді міне тауардың тас-талқанын шығаруға көшкен. Мәселен, екі күн бұрын ғана келген әкімдіктегілер 600 мың теңгенің затын бүлдірді дейді шағымданушылар. Наразы топ шенеуніктер кәсіпкерлерді қала сыртындағы базарға көшіруі үшін осындай амал ойлап тапты деп қынжылады.
«30 кәсіпкердің арқасында 300-400 шопыр күн көріп жатыр. Мынау қазір жаздың басы емес не аяғы емес. Біз маусымдық жұмыс істейміз. Қыста жұмыс жоқ бізде. 6 ай жұмысымыздың 2 айы қалған кезде келіп шорт кесіп жатыр. Біз қайда барып жұмыс істейміз. Ол жаққа үйрету үшін 1 жыл уақыт кетеді. Қаланың жақын 1 км емес 10 км жерде. Осы халық бара ма ол жаққа?», - дейді жұмысшы Аужанғали Медетбеков.
Ашынған 50-ден астам азамат қалалық әкімдікке келіп, шу шығарды. Бірақ қала әкімінің өзімен кездесеміз деген кәсіпкерлерге Ғабит Сыздықбеков сол күйі төбе көрсеткен жоқ. Таңғы оннан бері ғимарат алдын күзеткен жұрт басқа жаққа көшпейміз дейді.
«Бізге негізі 7 ай бердік дейді да мыналар. 7 ай уақыт ондай ештеңе берілген жоқ. Өздерінің жері дайын болған жоқ. Бізге баста айтылғаны қаладағы құм-тастарыңды азайтып, шет-шетін қоршап, тазалықты ұстап, ана жаққа да құмдарыңды үйіңдер. Сол кезде істейсіңдер деген. Енді жер дайын болмаса да бұлар бізді жабамыз деп жатыр», - дейді кәсіпкер Арысбай Қамытбеков.
Шенеуніктер болса кәсіп иелерінің жұмысы заңсыз екенін жеткізді. Бірі жерді асхана салу, бірі үй салу мақсатында алған. Қала берді тонна-тонна жүк көліктері бюджет ақшасына салынған жолдардың быт-шытын шығарып жатқанына сенімді.
«Қаланың көшелері бюджеттің қаржысына салынғаннан кейін құм жай ғана арбамен келмейді. Үлкен мәшиналармен келеді. Белгіленген мөлшерден тыс артық жүк артып келгеннен кейін қалада көшелерінің бұзылуына және тозуына әкеп соғуда. Бұл мәселені олар ескермейді. Тек қана өз жағдайын ойлайды. Тек қана өз пайдасын ойлайды», - дейді Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Үсен Исаев.
Айта кетейік, Шымкент ішінде құм мен шағал тас сататын 20-дан астам орын бар. Олардың барлығы жер үйлер орналасқан аумақта. Бұған дейін айналаны қоршап жұмыс істеуге рұқсат берген шенеуніктер кәсіпкерлерді енді біржолата қала сыртындағы базарға көшіруді жоспарлаған.