×

«16 жастағы қызды 1000 еркек зорлады»: Нәлібаев Қызылордада тазалау жұмыстарын бастады

Облыс әкімі оқушының сабақтан жиі қалатынына тиісті мамандардың назар аудармағанын айтты

«16 жастағы қызды 1000 еркек зорлады»: Нәлібаев Қызылордада тазалау жұмыстарын бастады
Фото: ашық дереккөзден

Қызылордада сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген 16 жастағы қызға қатысты оқиғадан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиналыс өткізді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ол кәмелетке толмаған қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеу фактісіне уақытында кедергі келтірмеген уәкілетті тұлғаларға қатаң шаралар қабылдауды қарамағындағылардан талап етті.

Облыс әкімі атап өткендей, бірнеше күннен бері әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында кәмелетке толмаған қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген Қызылордадағы мектеп түлектерінің әрекеті талқылануда.

Аймақ басшысы бұл атышулы қылмыстан жарты жылға жуық уақыттан бері полиция департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы мен қызға сабақ беретін мұғалімдер бейхабар болғанын қатаң сынға алды.

«Әлеуметтік желілерде учаскелік полиция инспекторы мен мектептің ювеналды полиция қызметкері мәселеден хабардар болғандығы жөнінде ақпарат тарады. Негізгі салғырттық осы қызметкерлерден басталған. Өздеріне бекітілген аумақтағы ахуалды алдын- ала зерделеп, әр тұрғынды бақылауы тиіс еді. Бірақ, ондай жұмыс мүлде жүргізілмеген. Білім саласының мамандары да қызметтеріне немқұрайлы қараған. Мектеп басшылығы, педагогтер, мектеп инспекторы, өз міндеттеріңізді орындамағансыздар! Мектеп психологі, сынып жетекшілері, әлеуметтік педагог, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары және директор заң аясында қандай да бір нақты қадамға бармаған», - деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Облыс әкімі оқушының сабақтан жиі қалатынына тиісті мамандардың назар аудармағанын, ата-анасымен тиісті деңгейде профилактикалық жұмыс жүргізбегенін, тек мәселені жасырып-жабуға тырысқандарын айтты.

«Бүгіннен бастап №7 мектеп – лицей директоры, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, психологі, әлеуметтік педагогі, сынып жетекшілері жұмыстан босатылсын. Қызылорда қаласы әкімінің осы салаға жауапты орынбасарына, қалалық білім бөлімінің басшысына қатаң сөгіс, бөлімнің тәрбие жөніндегі жауапты маманына жұмыстан босату шарасы қолданылсын. Білім басқармасының басшысына өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беремін. Өзіне жүктелген міндетті тиісті деңгейде орындамаған мектеп инспекторы мен учаскелік полиция инспекторы, оны бақыламаған кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ювеналды полиция бөлімшесі, қалалық полиция басқармасы мен облыстық жергілікті полиция қызметі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы тікелей кінәлі. Осы орайда, жауапты мамандардың жауапкершілігін қарап, қызметінен босатуға дейінгі кадрлық шешімдер қабылдансын. Қабылданған шешімдер туралы жұмыс аяғына дейін баяндаңыз», - деді әкім.

Бала құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық уәкіл Жақсыгүл Тоғановаға облыстың білім беру ұйымдарындағы жұмыстарға талдау жүргізіп, дереу жұмыс тобын құру тапсырылды. Бұл ретте алдын алу шараларын қолданып, қолайсыз отбасыларды және тәулікке жалға берілетін пәтерлерді аралау қажет екені айтылды.

Аймақ басшысы оқиғадан зардап шеккен отбасына жан-жақты көмек көрсетуді, тергеудің барынша объективті жүргізілуін талап етті.

«Қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру амалдарының объективті жүргізілуі міндеттеледі. Қылмысқа қатысы бар адамның барлығы заң аясында тиісті жауапкершілікке тартылатын болсын! Бұл мәселені тікелей бақылауымда ұстаймын», - деп түйіндеді Нұрлыбек Нәлібаев.

Айта кетейік, Қызылордада сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген 16 жастағы қызға қатысты жан түршіктірер деректер баспасөз беттерінде үлкен резонанс тудырды. Астанада жәбірленуші қыздың анасы мен «Не молчи»  қорының өкілдері баспасөз мәслихатын өткізіп, мәселенің мән-жайына тоқталды.

Ulysmedia.kz жазуынша, жәбірленушінің анасы қызын бұл қылмыстық схемаға сыныптас құрбысы тартқан. Ата-анасы күдіктіні қызының құрбысы деп санап, мәселеніің ушығып кетерін білмеген.

Қызының сабаққа көп қатыспағанын,  үйде түнемей жүргееніне алаңдаған  әке-шешесі мектепке, учаскелік бөлімге хабарласып, ІІБ-ге өтініш жазып, смартфон арқылы қыздың қайда екенін анықтауды сұраған. Алайда, іздеудің орнына полиция ата-ана құқығынан айырамыз деп қорқытып, мектеп әкімшілігі өтініш жазбауды талап еткен.

Қазір миы шайқалған қыз балалар ауруханасына жатыр. Белсенді Айсана Әшім күдіктілердің нөміріне 1000-нан астам ер адам ақша аударғанын жазды.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Ер адамға қатысты іс екі түрлі баппен қозғалған
Көше мен ескерткіш тақтаның ашылуы 2024 жылдың 21 қарашасында өтті
Сирек кездесетін жануар 20 қараша күні автокөліктің жүк салғышынан табылған

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →