×

Былтыр салынған тасжолды биыл «құбыр тартамыз» деп қопарып тастаған – Алматыдағы парадокс

Алматы шаһарында әкімдікке қарайтын Мобильдік басқарма бар

Былтыр салынған тасжолды биыл «құбыр тартамыз» деп қопарып тастаған – Алматыдағы парадокс
Видеодан скриншоттар

Алматыда басқармалар бір-бірімен араласпайтын сияқты. Бірі бір шаруаны атқарса, екіншісі оны кері кетіріп әлек. Мәселе – жол проблемасында. Былтыр салынған тегіс тасжолды биыл құбыр тартамыз деп бүлдіргеніне Алматыдағы «Шапағат» ықшам ауданының тұрғындары наразы. Олардың әкімдікке өкпесі қара қазандай, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Парадокс неде

Алматы шаһарында әкімдікке қарайтын Мобильдік басқарма бар. Ол жолдың салынуына тапсырыс беретін мекеме. Ал Энергетика басқармасы сол қаланы сумен, инженерлік желімен қамтамасыз етеді. Бір «қызығы», Мобильдік басқарманың тапсырыс беруімен салынған жолды Энергетика министрлігі қайтадан қазады да, құбыр тартып, канализация жүргізеді. Сол жолға құбырын тартқаннан кейін тегістеген болып кетіп қалады. Тіпті қазған күйінде қалдырып кететініндер де бар. Тұрғындар басқармалардың осындай жүйесіз жұмысына ашулы.

Тапсырма берілген

Мұндайда «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» қайда қарап отыр деген салмақты сұрақ туындайды. Орталық қаланың мобильдік басқармасымен келісімшартқа отырған. Ол орталықтың Алматыдағы мекемесі тапсырыс берген жол учаскелері бойынша сараптама жүргізеді. Сапасын тексереді. Ал Энергетика басқармасымен орталықтың келісімшарты жоқ. Ол болмағаннан кейін тексермейді. Себебі құзірет берілмеген. 

Енді көлік министрлігінің арнайы тапсырмасымен Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы сондай сараптамамен қамтылмаған құрылыс нысандарына барып тексеру жүргізбек. Сол арқылы осындай дауларға нүкте қоюға ниетті.

«Біздің көшеге такси келмей қалды»

Аталмыш мәселе Алматыдағы «Шапағат» ықшам ауданы тұрғындарының басынан өткізіп жатыр. Былтыр шағын ауданның бірнеше көшесіне жаңа асфальт төселген. «Асмар Строй» компаниясы 314 млн теңгеге жол салған. Алайда биыл Энергетика басқармасы қайтадан бірнеше жерін қазып тастаған. Құбырларын ауыстырамыз деп қайта қазғызған.

«Қазады, жасайды, шаңдатады – әбден шаршатты. Үйде тіпті терезе аша алмаймыз. Біздің үй жаққа тіпті такси де кірмейді. Қашанғы осы жағдайда жүреміз? Бәрін дұрыс істеуге болмай ма? Құбырды іске қостық деген – бірақ ол істемейді. Өткенде осы маңдағы бір құбыр жарылып кетті. Сасық иісінен әбден бас айналды. Ешкім келіп жөндеген жоқ. Халық болып әкімді сайладық. Бірақ оның қолынан келмейді», – деді Малика есімді тұрғын.

Орталықтың жоспары

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Алматы қалалық филиалының директоры Мәулен Әліпов орталық мемлекеттік мекеме болған соң мемлекеттің мүддесін қорғайтынын жеткізді.

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы мемлекеттік мекеме. Сондықтан, біз мемлекеттің мүддесін қорғаймыз. Жалпы жолдардың сау кезіндегі жұмыстардың және қолданылатын материалдардың сапасы – халықтың өмірлік циклына әсер етеді. Сондықтан, біздің түпкі мақсатымыз – сапасын сараптау», - дейді ол.

Әліпов «Шапағат» ықшам ауданындағы мәселені біліп отыр. 

«Мына жерде көріп отырғанымыздай, былтыр жолды орташа эөнде жұмыстары жүргізілген. Қазір жерасты құбырларын ауыстыру, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Былтыр салған жолдарды тесіп, құбырларын ауыстырып, қалпына келтіру жұмыстары дұрыс жасалмай жатқанын көріп отырсыздар. Автокөлік комитеті жолдарының арнайы тапсырмасы бар. Сапа сараптамасында сай келмейтін жолдарды қараймыз. Бұл нысандардың тапсырыс берушісі – энергетика және сумен қамту басқармасы. Бұл басқармамен қазіргі таңда келісімшарт жоқ. Сондықтан, осы жолға келіп отырмыз», - дейді Әліпов.

Орталық алдағы уақытта осы мәселені реттеу үшін құжат жағынан жұмыс жүргізіп, басқармаларды үйлестіріп, мұндай мәселенің алдын алуды жоспарлауда. Ол үшін әкімдіктермен тығыз жұмыс істемек.

«Бұл қала тұрғындары да, әкімдік өкілдері де талай рет көтерілген қынжылтатын мәселе. Бұл десинхронизацияны да көріп отырмыз: жол енді ғана төселді, содан кейін коммуналдық қызметкерлер келіп, бәрін қазып алды. Бірақ оны қазып алу – қарапайым мәселе, оны бұрынғы қалпына қайтару – мүлде басқа мәселе. Жол жамылғысын бұрынғы қалпына келтіру керек, бірақ коммуналдық қызметшілер мұны істей алмайды. Мамандардың жетіспеушілігінен, әлде басқа себептерден. Осылайша қымбатқа түскен жөндеу жұмыстары бір сәтте бүлініп шыға келеді», - дейді ол.

Әліпов осыған байланысты Жол активтерін басқару орталығы әкімдікке хабарласып, Мемлекеттік автомобиль инспекциясы қызметкерлерімен жиын өткізген. 

«Біз бүлінген жол қалпына келтірілген соң сапасын тексеру үшін орталық пен Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы арасында шарт жасасуды сұрадық. Бірақ біз жұмыс істеп келе жатқан бес жылда мұндай келісім ешқашан болған емес», - дейді ол.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Ер адамға қатысты іс екі түрлі баппен қозғалған
Көше мен ескерткіш тақтаның ашылуы 2024 жылдың 21 қарашасында өтті

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →