×

Мені не үшін қаралап жатқанын түсінбеймін – «хуторлықтардың» лидері делінген Хасан Қасымбаев сұхбат берді

Ол осы күнге дейін ешкімнің ала жібін аттамадым дейді

Мені не үшін қаралап жатқанын түсінбеймін – «хуторлықтардың» лидері делінген Хасан Қасымбаев сұхбат берді
Коллаж Qaz365.kz

«Хуторлықтардың» лидері деп аты шыққан Хасан Қасымбаев Орда басылымына сұхбат беріп, өзі жөнінде әлеуметтік желіге тараған ақпараттың бәрін жоққа шығарды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

16 жастағы Шерзатты өлтірілгеннен кейін желі қолданушылары қылмысты ағайынды Хасан, Аслан және Ержан басқарған «Хуторлықтар» бандасының қызметімен байланыстырып, көп ақпарат таратқан. Тіпті Хасан Қасымбаевтың суреттерін жариялаған. 

– Аты-жөнім Хасан Қасымбаев. Ұлтым қазақ. Руым албан. Албанның ішінде Құрман. Алматы облысы Кеген ауданы Қарқаралы ауылында 1984 жылы өмірге келдім. Сол ауылда 8-ші сыныпқа дейін оқып, кейін Талғар ауданы Рысқұлов ауылына әкемнің жұмыс бабына байланысты көшіп келдік. Рысқұлов ауылындағы 16-шы мектепті бітірдім. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да химия факультетіне оқуға түстім. Оқуды бітіріп, дипломымды алып, Қызылордаға жұмысқа бардым. 2011 жылы Қызылордадан Талғарға қайтадан көшіп келдім. 2011 жылдан бастап кәсіппен айналысып жатырмын.

– Неліктен сізді «хуторлықтардың», ОПГ-ның басшысы деп жатыр?

– Елдің бәрі емес. Әлеуметтік желі қолданушылары айтып жатқан сөздер. Оның бәрі өтірік, жалған ақпарат.

– Егер әлеуметтік желідегі ақпараттардың бәрі жалған болса, елдің бәрі неге сізді «хуторсий ОПГ-ның» лидері деп жатыр?

– Мен сізге «хуторлық» деген әңгіменің қай жақтан шығып жатқанын түсіндіріп берейін. Рысқұлов ауылы бұрын Хутор деп аталған екен. Кейін егемендік алғаннан кейін Рысқұлов ауылы деп атын өзгертті. Бірақ елдің бәрі әлі күнге дейін Хутор деп атайды. Ол ауылдан 2015 жылы көшіп кеттім. Қазір Талғар қаласында тұрып жатырмын.
Мені не үшін хуторский ОПГ-ның лидері деп атап жатқандарын түсінбеймін. Мен заң бұзбағанмын, сотталмағанмын, адал жұмыс істеп жүрген адаммын. 

– Әлеуметтік желіде сіздің отбасыңызға байланысты неше түрлі жағымсыз ақпараттар тарап жатыр. Соны қалай түсіндіресіз?

– Бүгінгі таңда жалғыз мені емес, менің бауырларымды, отбасымызды қаралап жатыр. 

– Елдің айтуынша, сіздің бауырларыңыз полицияда, прокуратурада және әкімшілікте жұмыс істейді екен де, сіздің қылмыстық әрекеттеріңізге қорған болады екен. Соны қалай түсіндіресіз?

– Оның бәрі жалған ақпарат. Менің туған бауырым Талғар ауданы әкімінің аппарат басшысы болып жұмыс істейді. Оның есімі Аслан Қасымбаев. Одан басқа туысқандар, полицияда немесе прокуратурада жұмыс істейтіні жоқ.

– Ержан деген бауырыңыз сотталып кеткен ғой... Ол туралы не дейсіз?

– Ержан менің інім. 14 жылға бас бостандығынан айырылған. 2017 жылдан бері өзінің жазасын өтеп жатыр. Қазір түрмеде. Отбасымыздың кенжесі. Ол үшін жүрегіміз ауырады. Ол жайы сөз қозғамай-ақ қойсаңыз...

– Талғардағы қылмыс жайлы: Шерзатқа қандай қатысыңыз бар? Оны танисыз ба? Әкесін танисыз ба? Қасақана оны өлтірген балаларды танисыз ба? Әлде сол балалардың әке-шешесін танисыз ба?

– Әрине, қиын жағдай. Жас өлім. Алла баламен сынамасын. Бәріміз бала өсіріп отырмыз. Әке-шешесіне, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Кішігірім ауыл. Бірақ қылмыс жасаған балалар 1998-2000 жылғы балалар екен. Мен оларды танымайды екенмін. Әке-шешелерін тануым мүмкін. Мен ол ауылдан 2015 жылы көшіп кеткенмін.

– Ақыры, бүгін тарап жатқан мәліметтердің бәрі шындық емес десеңіз, онда сізді қаралау кімге қажет болды? Неліктен сіз туралы соңғы бір аптада әртүрлі мәліметті әлеуметтік желіде салып жатыр. Олар кім болуы мүмкін? 

– Мені және менің отбасымды қаралау кімге керек болғанын түсінбей отырмын. Қай жақтан жел соғып жатқанын білмеймін.

– Мүмкін біреуді кезінде қатты өкпелетіп немесе бизнесін алып алған шығарсыз?

– Ондай мүлде болмаған. Адал еңбекпен бала-шағамды өсіріп, ешкімнің ала жібін аттамай, осы күнге дейін келе жатырмын. Осы уақытқа дейін үстімнен қылмыстық іс қозғалмаған, сотталмағанмын. 

– Полицияға шақырылдыңыз ба? Саусақ ізін алды ма?

– Жоқ. Ондай болмаған.

– Қылмыстық топтың басшылары әнші, әртістермен суретке түскенді ұнатады. Сіздің де желіде көп суреттеріңіз бар екен. Оны қалай түсіндіресіз? Әсіресе, мылтықпен түскен суретіңіз тарап жүр.

– 10-15 жыл бұрын түскен суреттер. Әрине, ол кісілер жұлдыз болғаннан кейін суретке түскенбіз. Қазақтың батырлары, Барыстармен де түскен суреттерді, аңшылыққа барғанда дос балалардың мылтығын алып түскен суреттерді де салып қойыпты. 

– Жақып Асанов сізге кім болып келеді?

– Жақып Асановты теледидардан көргенім болмаса, ешқандай таныстық, туысқанды қарым-қатынасымыз жоқ. Өмірде көрмеген адамым. 

– Қайтыс болған баланың әкесі өткенде әлеуметтік желіде мені қорқытып жатыр. Хасанның бригадасының балалары деді. Сол жөнінде не айтасыз?

– Мен ешкімді қорқытып жүрген жоқпын. Қайтыс болған жігіттің әкесі ол ақпаратты қайдан алғанын білмеймін. Оған ешқандай қатысым жоқ. 

– Группировка жинап, елді айдақтап, қарақшылық жолда жүрген жоқпын деп айта аласыз ба? Ант ете аласыз ба?

– Осы күнге дейін ешкімнің ала жібін аттамадым, ешкімге қиянат жасамадым. Айтылып жатқан ақпараттың бәрі – мені қаралауға бағытталған жалған ақпараттар. Не үшін қаралап жатқанын білмей отырмын. Сол үшін адвокат жалдадық. Мені және менің отбасымды әлеуметтік желіде қаралап жатқан адамдарды заң бойынша жазалануын талап етеміз. Сұхбат беру себебім – қазақ халқы шындықты білсін, өздеріне жетсін деп отырмын. Сол үшін сізге сұхбат беріп отырмын.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →