Шекарадағы кезектің ұзындығы 10 шақырымға дейін созылған
Өзбекстанға бағыт алған тауар тасымалдаушылар екі-үш күннен бері ұзын-сонар кептелісте тұр. Қаз-қатар тізілген жүк көліктерінің саны 500-ге жуықтайды. Кептеліс 10 шақырымнан асып жығылған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Кептелісте тұрған жүргізуші Тахир Дусматовтың айтуынша, кімнің ақшасы болса, сол өтіп кетіп жатыр. Прокуратураға да, полицияға да хабарласқан. Пайда жоқ. Кезексіз мың машина өтіп жатыр. Не дәретхана, не жуынатын жер таппай сандалған олар көлік ішінде қонып, амалдауға көшкен.
«Үш күн болды, қозғалыс әрең дегенде жылжуда. Жасырар жоқ, ақшаң болса өтесің, жоқ болса осылай күтіп тұрасың. Біз тұрған мына жол бойында не дәретхана жоқ, не жуынатын жер жоқ. Тазалық атымен жоқ. Өте қиын жағдай. Ал өту үшін менен 70 мың теңге сұрады. Жеке меншік көліктерде ақша бар, ал бізде мемлекеттік болғаннан кейін бере алмаймыз. Күндік ақшамыздың өзі әрең жетеді», – дейді жүргізуші.
Жүруінен тұруы көп болған жүргізушілер шекарада күтуден шаршаған. Сондықтан олардың қабақтары да қатулы. Өзбекстанға кіру қиямет-қайым болды деген азаматтар жағдайдың бұлай ушығуына жемқорлық себеп екенін де айтты.
«Екі күннен бері мына жерде тұрмыз. Кезек деген 10 шақырым. Ақшамыз жоқ. Ақша болса, кезексіз өтесің. Олар өткізу үшін ашық ұялмай 30 мың, 50 мың теңге сұрайды. Егер кезек сақталса, 10 сағатта кіріп кетер едік. Мәселен, басқа елдерде Ресейде, Өзбекстанда бәрі кезекпен өтеді. Қазақстаннан басқа елде мұндай проблема жоқ» – дейді жүргізушілердің бірі.
Жүргізушілер «Бауыржан Қонысбаев» кеден бекетіндегі шиеленіскен жағдайға электронды кезек жүйесінің істен шығуы себеп дейді.
Ал Түркістан облысы мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Серік Мәліков көрші Өзбекстан Республикасының тауарларының өсуіне және айналымына байланысты көлік құралдары көбейіп жатқандығын айтады.
«Бауыржан Қонысбаев» кеден бекетінде көлік құралын өткізу ұлғайды. Сонымен қатар көрші Өзбекстан Республикасының тауарларының өсуіне, сонымен қатар тауарларының айналымына байланысты көлік құралдары көбейіп жатыр. Қазіргі таңда «Бауыржан Қонысбаев» кеден бекетінің қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс жасауда», – дейді Серік Мәліков.