×

Қазақстанда туберкулезбен ауыратын науқастардың ұлттық тізілімі жетілдірілді

Туберкулез – ауамен тарайтын жұқпалы ауру

Қазақстанда туберкулезбен ауыратын науқастардың ұлттық тізілімі жетілдірілді

24 наурызда Дүниежүзілік туберкулезбен күрес күні бүкіл әлемде негізгі тұлғалар, шешім қабылдайтын тұлғалар арасында туберкулездің мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына және азаматтардың өмір сапасына кері әсері туралы білімді күшейту, сондай ақ бұл аурудың індетін қоғамдық денсаулықтың түйткілі ретінде жоюдың озық тәжірибелерін енгізу және таратуға қоғамды жұмылдыру мақсатында атап өтіледі, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл күннің ең маңызды міндеті – жер бетінің барлық тұрғынына бұл мәселенің расымен өзекті екенін және ол кез келгенімізге әсер етуі мүмкін екенін жеткізу.

Туберкулез – ауамен тарайтын жұқпалы ауру. Туберкулезді дер кезінде анықтап, дұрыс емделсе, одан құлан-таза айығуға болады.

Қазақстанда туберкулезбен күрес бойынша мемлекет тарапынан толық саяси қолдау бар, ол Қазақстан Республикасының 2020 жылғы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінде айқындалған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес туберкулезге қарсы нормативтік құқықтық актілер, хаттамалар және жаңа нұсқаулықтар бекітілді.

Қазір Қазақстанда жүріп жатқан туберкулезге қарсы іс-шаралардың, соның ішінде туберкулезді анықтаудың, диагностикалаудың заманауи жедел әдістерінің және ДДСҰ ұсынған туберкулезге қарсы жаңа дәрілерді, туберкулезді емдеу режимдерін қолданудың арқасында туберкулездің эпидемиологиялық ахуалы тұрақты түрде жақсарып келеді.

Мәселен, Қазақстан Республикасында соңғы 6 жылда туберкулезбен ауыру көрсеткіші 27%-ға, өлім-жітім 50%-ға және аурудың таралу көрсеткіші 32,1%-ға төмендеді (сәйкесінше: 2019 ж.: 100 мың халыққа шаққанда 45,6, 100 мың халыққа шаққанда 2,0, 100 мың халыққа шаққанда 65,4, 2024 жылы:  100 мың адамға шаққанда 33,3, 100 мың адамға шаққанда 1,0, 100 мың адамға шаққанда  44,4)

Сонымен қатар, 2023 жылмен салыстырғанда туберкулезбен ауыру көрсеткіші 4,0%-ға (2023 ж. – 100 мың халыққа 34,7), өлім-жітім 16,7%-ға (2023 ж. – 100 мың халыққа 1,2), таралу көрсеткіші 5,5%-ға (2023 ж. – 47,0) төмендеді.

2024 жылы Қазақстан Республикасында 0-ден 17 жасқа дейінгі балалар мен қылмыстық-атқару жүйесіндегі сотталушылар арасында туберкулезден өлім тіркелмеді.

Анықтау және диагностика. Республика бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде ПТР (молекулярлы-генетикалық диагностика) көмегімен туберкулезді және дәріге төзімді туберкулезді анықтаудың заманауи жедел әдістері енгізілген. Бұл сынақтар 2 сағат ішінде нәтижесін шығарып береді және адамның туберкулезге қарсы негізгі дәріге сезімталдығының бар-жоғын көрсетеді.

Соңғы бір жылда туберкулез болуы мүмкін деген күмән туған 88 497 адам алғашқы медициналық-санитарлық көмек желісінде Gene-Xpert молекулалық-генетикалық әдісімен тексеруден өтті, оның ішінде 8 083 адамның (9,1%) диагнозы расталды және 2 163 адамда (15,8%) бактериалды экскреция анықталды.

Сонымен қатар халықаралық стандарттарға сай келетін барлық облыстық фтизиопульмонологиялық орталықта туберкулезді диагностикалаудың барлық зертханалық әдістері 100% қамтамасыз етілген. Ұлттық референс зертханасында толық геномды секвенирлеу жүзеге асырылды.

Сондай ақ Қазақстанда туберкулез инфекциясы мен туберкулезді диагностикалау үшін Манту сынамасы,  ATР (рекомбинантты туберкулез аллергені бар сынама – Диаскинтест) және квантиферон сынамасы (IGRA сынағы) секілді диагностикалаудың барлық әдісі қолданылады.

2024 жылы сын-қатер тобына жататын балалардың 97,4%-ы Манту сынамасымен тексерілді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда (91%) 6,6%-ға жоғары. 2024 жылы Манту-позитивті балалардың 96%-на ATР сынама жасалды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда (88%) 8,3%-ға жоғары. 2024 жылы АТР туберкулез науқасымен байланыста болған балалардың 92%-на жасалды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда (89%) 3,3%-ға жоғары. Барлық өңір квантиферон сынамасын жүргізу үшін иммунфермент талдамасымен (ИФТ)  қамтамасыз етілген, 2024 жылы осындай 9 000 талдама жасалды, нәтижесінде 2 205 адамда дерт анықталды (24,5%).

ФГ скринингінен өткізу. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сын-қатері жоғары топтар мен тексерілуге міндетті контингенттер флюорографиялық тексеруден өтеді. 2024 жылы елімізде 5 млн 624 мың 782 адам тексеріліп, нәтижесінде 4 016 адамнан туберкулез анықталды. Оның ішінде 2671 адам халықтың осал тобына жатады. Сын-қатері жоғары топтар арасында туберкулезді анықтау тиімділігі зерттелген 1000 адамға шаққанда 2,4 болды.

БЦЖ вакцинасы. БЦЖ (Кальметт-Герен вакцинасы) вакцинасы әсіресе жаңа туған нәрестелер мен жас балалар туберкулездің алдын алудың маңызды бөлігі деп саналады. Вакцина туберкулездің барлық түрінен толық қорғауды қамтамасыз етпесе де, оның әсіресе балалық шақта аурудың ең ауыр және өлімге душар ететін түрлерінің алдын алудағы маңызына баға жетпейді. Зерттеулер туберкулезге қарсы егілген балалар бұл аурумен вакцина алмағандармен салыстырғанда 15 есе сирек және әлдеқайда жеңіл ауырады. 2024 жылы 362 029 жаңа туған нәрестенің 341 465-і (94,3%) перзентханада, 11 105-і (3,1%) учаскеде қосымша егілді. Нәтижесінде бір жасқа дейінгі балаларды БЦЖ вакцинасымен қамту көрсеткіші 97,4% жетіп, Бұл көлем 95% кем түспеуі тиіс дейтін ДДСҰ стандартынан асты.

Туберкулез инфекциясының профилактикалық емі. Туберкулез инфекциясының профилактикалық емі, әсіресе халықтың осал топтары арасында белсенді аурудың таралуы мен дамуының алдын алуда шешуші рөл атқарады.

2024 жылы 12 991 адам профилактикалық ем алды, оның ішінде 7 256 бала, 2023 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 22,4%-ға жоғары (барлығы 10 087 адам).

Туберкулез инфекциясын профилактикалық емдеуде Жаһандық қордың грантын іске асыру аясында сатып алынған жаңа «Рифапентин» дәрісін пайдалану арқылы 1 айдан 3 айға дейін дәрі-дәрмек ішудің әртүрлі нұсқасын қамтитын жаңа емдеу режимдері қолданылады.

2024 жылы қысқа мерзімді профилактикалық емдеу курстарынан 3 548 адам өтті, оның ішінде 2 691 адам бір айлық, 857 адам үш айлық курстан өтті. Сонымен қатар, 2600 адам дәріге төзімді туберкулезге шалдығудан профилактикалық ем алды. Оның 89,1% профилактикалық емдеуді сәтті аяқтаған.

Емдеу. Қазіргі уақытта елде емдеу хаттамасы мен ДДСҰ ұсынымдарында көрсетілген туберкулезге қарсы дәрілер толығымен қолжетімді. Барлық науқас, оның ішінде туберкулездің сезімтал және резистентті түрлерімен ауыратындар үздіксіз емделу үшін қажетті дәрі-дәрмектермен үзіліссіз және мүлдем тегін қамтамасыз етіледі.

Пациенттер қайта тағайындалған дәрілермен, қысқа және жеке режимдермен емделеді, оның 95%-дан астамы инъекцияға жатпайтын (ішетін дәрі түрінде) режимдер. Көп дәріге төзімді туберкулезді (бұдан әрі – КДТ ТБ) емдеу мерзімі ДДСҰ ұсынымдарына сәйкес 24 айдан 9-12 айға дейін қысқартылуда. Жаңа тиімді туберкулезге қарсы препараттар (Бедаквилин, Деламанид) КДТ ТБ және дәрінің кең түріне төзімді туберкулезді (ДКТТ ТБ) емдеуде қолданылады. Бұл ретте дәріге төзімді туберкулезді емдеудің тиімділік көрсеткіші 82,6%-ға жетті, ал  ДДСҰ стандарты тиімділік кемінде 75% болуын талап етеді.

Сондай ақ 2024 жылдан бастап дәріге төзімді туберкулезді емдеу мерзімін 18-ден 6 айға дейін қысқартатын ДДСҰ ұсынған жаңа Претоманид (BPaL/BPalM) дәрісін қолдану бойынша пилоттық жоба іске қосылды.

Мониторинг және бағалау жүйелері күшейтілді, туберкулезбен ауыратын науқастардың ұлттық тізілімі жетілдірілді, туберкулезге қарсы қызметтерді тұрақты қаржыландыру жағы және техникалық серіктестермен және халықаралық донорлармен ынтымақтастық орнату қамтамасыз етілді.

Емдеу тиімділігі. 2024 жылы дәріге сезімтал туберкулезді емдеудің тиімділігі 90% болды (ДДСҰ стандарты: кемінде 85%). Дәріге төзімді туберкулезді емдеудің тиімділігі 82%-ға жетті (ДДСҰ стандарты: кемінде 75%).

Стационарды алмастыратын технологиялар. Амбулаториялық-емханалық сатыда емделуді бақылауды жүзеге асыру үшін МСАК желісінде 2 555 тікелей бақылаудағы емдеу (ТБЕ) кабинеттері ашылды. 2024 жылдың аяғында 6 380 науқас амбулаторлық ем алды, оның ішінде 3 794 адам (59,4%) ТБЕ кабинеттерінде, 82 (1,2%) үйде, 30 адам (0,4%) күндізгі стационарда және 117 (1,8%) мобильді топтардың көмегімен, 2357 (36,9%) смартфон көмегімен бейнебақылау жолымен емделді. Емдеу мониторингін күн сайын ТБЕ-ге жауапты медбикелер жүргізеді және фтизиатрлар бақылайды.

Әлеуметтік қолдау. Бүгінде жергілікті атқарушы органдар науқастардың емделуге бейімділігін көтеру мақсатында амбулаторлық ем алып жатқан туберкулезбен ауыратын науқастарға әлеуметтік қолдау көрсетіп жатыр.  2024 жылы республикада жергілікті бюджеттен 2 миллиард 404 миллион 279 мың теңге бөлінді, бұл емделушілердің 95 пайыздан астамын амбулаторлық емдеу сатысында әлеуметтік көмекпен қамтуға мүмкіндік берді. Әлеуметтік қолдаудың: көлік шығындарын өтеу/жол ақысы, ыстық тамақ, азық-түлік қоржындарын ұйымдастыру, көмір сатып алу секілді баламалы түрлері жүзеге асырылып жатыр.

ҮЕҰ-мен ынтымақтастық. Қазақстанның барлық аймағында үкіметтік емес ұйымдар халықтың осал тобымен және елдің мамандар қолы жете бермейтін топтарымен жұмыс істейді. 2024 жылы үкіметтік емес ұйымдар халықтың осал топтары арасында туберкулезді анықтау бойынша үлкен іс-шаралар жүргізді. Нәтижесінде халықтың осал топтарына жататын  50 737 адам туберкулездің белгілері туралы хабардар болды. ҮЕҰ қызметкерлері туберкулез белгілері бар 7036 адамды тексеру үшін емханаларға алып барды. GXpert әдісімен туберкулез болуы мүмкін деген күмән туған  3 966 науқас тексерілді, оның ішінде 438 адамнан белсенді туберкулез анықталды (GXpert әдісі бойынша тексерілгендердің 11%).  Науқаспен байланыста болған 569 адамның тексерілуіне көмектесті. Халықтың түйткілді тобындағы 1 138 науқас амбулаторлық емделуге қабылданды, оның ішінде туберкулезбен ауыратын 1 115 (98 %) науқас емделуші күйінде қалды; ҮЕҰ қызметкерлерінің еңбегінің арқасында МСАК/ФО-да науқас ретінде тіркелген, алайда емін үзген 229 науқастың 173-і (76%) емін қайта жалғастырды.

End TB стратегиясындағы барлық міндеттемені іске асыру үшін Қазақстан «Қазақстанда туберкулезді тоқтату» Ұлттық серіктестігін құрып жатыр, туберкулез ауыртпалығын мейлінше азайту жолында Қазақстан оған  қоғамның барлық құрылымын, оның ішінде ҮЕҰ белсенді түрде қатыстырып отыр.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →