Пилоттық жоба биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады
Қазақстанда дәрі-дәрмектерді 100 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде тіркеу жөніндегі пилоттық жоба іске қосылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.
Қазақстанда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды «бір терезе» қағидаты бойынша 100 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде тіркеу жөніндегі пилоттық жоба іске қосылды.
Бұл жоба мемлекеттік қызметтерді реинжинирингтеу және денсаулық сақтау саласын цифрландыру бастамалары шеңберінде, Цифрлық даму министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің өзара іс-қимылы арқылы жүзеге асырылып отыр.
Жаңа тәсіл өнімдердің нарыққа шығу мерзімін едәуір қысқартып, қайталанатын әкімшілік рәсімдерді жоюға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда дәрі-дәрмектерге сараптама жүргізу 210 күнге дейін, баға қалыптастыру – 60 жұмыс күніне дейін, ал кәсіби сараптама – 50 жұмыс күніне дейін созылуы мүмкін, ал композиттік мемлекеттік қызметті қолдану арқылы бұл процестер біріктіріліп, параллель түрде 100 жұмыс күнінен аспай өтетін болады.
Композиттік мемлекеттік қызмет ерікті әрі баламалы негізде енгізіледі және қолданыстағы сараптама, тіркеу және баға белгілеу механизмдерімен қатар қолданылады, сонымен қатар, бұл қызмет дәрілік заттарды Қазақстанның ұлттық дәрілік формулярына енгізу үшін кәсіби сараптамадан өткізуді де қарастырады.
Сондай-ақ композиттік мемлекеттік қызмет Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлескен тіркеу рәсімін жүргізуді көздеген. Бұл – дәрілік препараттарды алдын ала біліктендіру және АҚШ, Еуропалық Одақ, Ұлыбритания, Жапония сияқты қатаң реттеу жүйесі бар елдердің реттеуші органдары тарапынан тану тәртібі шеңберінде жүзеге асады және 15 жұмыс күнінен аспайды.
Осындай жеделдетілген мерзімдер танылған реттеуші жүйелері бар елдерде өндірілген медициналық бұйымдарға да қолданылатын болады.
Сонымен қатар, композиттік қызметтің шеңберінде өндіруші бағасын тіркеу, көтерме және бөлшек саудада сатылған кездегі үстеме бағаларды автоматты түрде есептеу көзделген, бұл – ТМККК және МӘМС шеңберінде іске асырылады.
Пилоттық жоба биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады. Егер оның тиімділігі расталса, композиттік қызмет көрсетудің тұрақты моделіне көшу және қолданыстағы нормативтік талаптарды жою жоспарлануда. Бұл – дәрілік заттардың нарыққа жылдам шығуын қамтамасыз ететін маңызды қадам болмақ.