Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина саласы қызметкерлерін алғаш рет Ақордаға жинап құттықтады, деп хабарлайды Qaz365.kz
Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Шын мәнінде, ұлт саулығы – еліміз үшін аса маңызды құндылық. Әлемнің «екінші ұстазы» – Әл-Фараби медицинаны өнер деп бағалаған. Расында, дәрігер болу – жүректің ісі. Бұл – екінің бірі аяқ баса бермейтін жүгі ауыр, күрделі жұмыс. Медицина қызметкерлері – ұлт саулығының сақшылары, ең қадірлі мамандық иелері. Әсіресе, жаһандық індет, яғни, ковид кезінде бүкіл ел дәрігерлердің адал қызметіне куә болды. Күрделі кезеңде медицина мамандары мыңдаған адамды құтқарып қалды. Біз абзал жандардың табанды еңбегін бағалаймыз, - деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ дәрігерлері қай кезде болсын, ел мүддесін бәрінен биік қоя білгенін, ұлт қайраткерлері Халел Досмұхамедов пен Санжар Асфендияровтың белгілі дәрігер болғанын, олар халқымыздың азаттығы үшін де, саулығы үшін де аянбай күрескенін атап өтті.
Менің тапсырмаммен былтырдан бастап «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы беріле бастады. Бұл – медицина қызметкерлеріне деген айрықша құрметтің белгісі. Соңғы 5 жылда денсаулық сақтау саласындағы жалақы екі есеге жуық өсті. Медицина кадрларын даярлайтын жоғары оқу орындары мен колледждердің шәкіртақысы көбейді. Жас мамандардың білікті дәрігерден тағылым алып, кәсібіне тез бейімделіп кетуіне барынша жағдай жасалуда. Жалпы, денсаулық сақтау ісіне бөлінетін қаржы жыл өткен сайын артып келе жатыр. Биыл оның көлемі 2,6 триллион теңгеге жетті. Мемлекет медицина қызметкерлеріне қолдау көрсете береді. Дәрігерді халықтың қамқоршысы деуге болады. Барша жұрт мұны терең түсініп, оларға әрдайым құрмет көрсетуге тиіс, - деді президент.