Бағалау жүйесінің ең жоғарғы межесі – 7 балл, оны 100 пайызға дейін жеткізу қажет
Қазақстанда медицина қызметкерлерінің еңбегін ынталандыру мақсатында жаңа төлем жүйесі енгізілмек. Денсаулық сақтау министрлігі дайындап жатқан өзгерістерге сәйкес, жұмысты сапалы әрі жоспардан тыс орындаған дәрігерлер тоқсанына 1 миллион 700 мың теңгеге дейін қосымша ақы ала алады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«БүгінLive» бағдарламасына сұхбат берген Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту орталығының басқарушы директоры, терапевт-дәрігер Жанар Ботагаринаның айтуынша, төлемдер толық автоматтандырылған индикаторлар арқылы жүргізіледі. Қосымша қағазбастылық болмайды, барлық дерек ресми түрде тіркеледі. Қаражат тек дәрігерлерге ғана емес, учаскелік медбикелерге, фельдшерлерге және жүкті әйелдермен жұмыс істейтін мамандарға да қарастырылған.
«Бұның барлығы емханадағы дәргілерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында қарастырылған. Себебі емханада істейтін мамандардың жұмысы физикалық әрі психикалық тұрғыда өте ауыр. Бұлай дейтініміз, соңғы уақытта созылмалы емес және созылмалы-жұқпалы ауру саны көбейді. Ынталандыру компонент жүйесі 2011 жылы енгізілген болатын. Содан бері бұл жүйе жетілдірілген жоқ. Мәселе биыл тағы да қолға алынып отыр. Негізгі мақсат – емхана қызметкерлерін ынталандыру», – дейді Жанар Ботагарина.
Жаңа төлем жүйесі қалай жұмыс істейді?
Денсаулық сақтау министрлігі ұсынып отырған жаңа ынталандыру жүйесі медицина қызметкерлерінің еңбегін нақты көрсеткіштер арқылы бағалауды көздейді. Дәрігердің сөзінше, бағалау жүйесінің ең жоғарғы межесі – 7 балл, оны 100 пайызға дейін жеткізу қажет.
«Мысалы, аймақтық топты алайық. Олардың өздерінің учаскелік топтары болады. Тізімге тек қана дәрігерлер ғана емес медбикелер мен фельдшерлер де кіреді. Егер олар өз аумағы бойынша жүктелген міндеттемелерді уақытылы орындап, тиісті талаптарды толық орындаса, қосымша төлем алуға мүмкіндік туады», - дейді терапевт-дәрігер.
Жаңа жүйенің басты ерекшелігі – барлық индикаторлар автоматтандырылған. Қызметкердің жұмысы электронды түрде тіркеліп, қосымша қағазбастылыққа жол берілмейді. Бағалау нәтижесіне қарай дәрігерлер тоқсанына 1,7 миллион теңгеге дейін сыйақы ала алады.