Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының базасында жаңа эндоскопиялық оқу орталығы ашылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл орталықта тек Қазақстаннан ғана емес, Орталық Азия елдерінен келген эндоскопист-дәрігерлер де біліктіліктерін арттыра алады.
Орталық Evis X1 эндоскопиялық жүйелері мен жоғары технологиялы симуляторлар сияқты ең заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бұл оқу процесін халықаралық стандарттарға сай деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
«Орталықтың ашылуына әлемдік медициналық жабдықтар өндірісінің көшбасшысы – Olympus компаниясымен стратегиялық әріптестігіміз ықпал етті. Серіктестерімізге көрсеткен қолдауы үшін шынайы алғысымды білдіремін», – деді Институттың Басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаев.
«Жаңа орталық – біздің дәрігерлермен қатар Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Қырғызстаннан келген әріптестеріміз өз дағдыларын шыңдап, тәжірибе алмасып, алдыңғы қатарлы технологияларды меңгеретін маңызды алаңға айналатынына сенемін. Бұл мамандардың біліктілігін арттырумен қатар, диагностика мен медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті клиниканың бірінші басшысы.
«Тренинг орталығын құруға Қазақстан, Жапония, Польша және Чехия командаларының атсалысқанына қуаныштымыз. Орталық мамандарды даярлау, білім алмасу және жоғары стандарттарды енгізу салаларында жаңа мүмкіндіктер ашады», - деді Olympus Corporation өкілі Йохи Маэда (Жапония).
«Біздің мақсатымыз - адамдардың өмірін сақтау. Біз дәрігерлерді жабдықты дұрыс және тиімді пайдалануға үйретеміз, себебі, науқастардың қауіпсіздігі мен денсаулығы осыған байланысты. Осы маңызды жобаның бір бөлігі болғанымызды мақтан тұтамыз", - деп атап өтті Olympus OCG директоры Томаш Ставярски.
«Оқу орталығы – бұл эндоскопиялық диагностиканы жаңа деңгейге көтеретін заманауи білім беру хабы. Біз өз дәрігерлерімізді сапалы колоноскопия әдістеріне үйретіп қана қоймай, ADR көрсеткішін есептеу жүйесін енгізетін боламыз. Бұл көрсеткіш – тік ішек пен тоқ ішек қатерлі ісігімен күрестегі шешуші фактор. Оны қолдану мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді», – деді Басқарма төрағасының ғылыми-клиникалық және инновациялық қызмет жөніндегі орынбасары Жамиля Қайбуллаева.\
Эндоскопия және интервенциялық гастроэнтерология бөлімшесінің меңгерушісі Алма Хабижанова: «Біздің дәрігерлеріміз заманауи технологиялар мен әдістемелерге қол жеткізу мүмкіндігін алды. Бұл орталық Орталық Азияда эндоскопиялық қызметтің дамуына айтарлықтай үлес қосатынына сенімдіміз», – деп атап өтті.\
Оқу орталығының бағдарламаларына теориялық курстармен қатар, симуляторларда және нақты клиникалық жағдайда өткізілетін кең көлемді практикалық сабақтар да кіреді. Бұл оқу процесінің тиімділігін барынша арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл маңызды оқиға Қазақстандағы медициналық білім беру мен технологияларды дамытудың жаңа кезеңінің басталғанын білдіреді.