Ол көпшілікті жалған мәлімет таратпауға шақырды.
Қазақстанның тұңғыш президентінің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айдос Үкібай әлеуметтік желілер мен кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында Сара Алпысқызы Назарбаеваның денсаулығына қатысты тарап жатқан шындыққа жанаспайтын мәліметтерге байланысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Айдос Үкібай соңғы уақытта медиакеңістікте Сара Алпасқызының жағдайы мен орналасқан жеріне қатысты әртүрлі болжамдар мен жалған ақпарат таратылып жатқанын атап өтті.
Сара Алпысқызы Назарбаева сәуір айынан бастап Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінде ем қабылдап жатыр. Барлық медициналық шаралар бекітілген стандарттарға сай жүргізіліп, отандық мамандардың бақылауында өтуде, - деді ол.
Сондай-ақ баспасөз хатшысы журналистер мен әлеуметтік желі қолданушыларын Сара Алпысқызының есімін жалған мәлімет тарату немесе назар аударту мақсатында пайдаланбауға шақырды.
Ресми және нақты ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуды сұраймын, - деп түйіндеді Айдос Үкібай.