×

Елімізде бедеулік көбейді: әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмайды

50% жағдайда бедеулік ер адамдарда кездеседі

Елімізде бедеулік көбейді: әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмайды
shutterstock

Қазақстанда бедеулік көрсеткіші өсіп келеді. Мұндай жағдайлардың жартысы ерлердің денсаулығымен байланысты. Бедеуліктің 95%-ы туа біткен емес, адамның өз денсаулығына немқұрайлы қарауынан туындайды. ҚР ДСМ Аналар денсаулығын сақтау басқармасының басшысы Шакизат Халықова «Түйін» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасына берген сұхбатында негізгі себептерді атап өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Бедеу отбасы туралы айтқанда тек әйелдерге назар аудару дұрыс емес. Себебі бүгінде шамамен 50% жағдайда бедеулік ер адамдарда кездеседі. Ерте жастағы жүктілік, түсік, жыныстық жолмен берілетін инфекциялармен күреспеу, кездейсоқ қатынастар — мұның бәрі болашақта ұрпақ сүюге кедергі келтіреді», – деді ол.

Ресми дерекке сай, елде әр алтыншы отбасы бала сүйе алмайды. Жыл сайын 20 мың адам бедеулік диагнозымен тіркеледі. Алайда нақты көрсеткіш бұдан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін.

Биология ғылымдарының докторы, профессор Салтанат Байқошқарованың айтуынша, бедеулікке ұшыраған жұптардың көбі есепке тұрмайды.

«Шын мәнінде мұндай отбасылар ресми деректен 10 есе көп. Көпшілігі уақыт жоғалтып, емшілер мен гинекологтарға жүгінеді, ал репродуктологқа баруға асықпайды. Сондықтан 20 мың деген нақты сан емес», – дейді ол.

Маманның айтуынша, жасы ұлғайған сайын адамның ұрығы азайып, емдеуге келмейтін жағдайға жетуі мүмкін. Ұрпақты болудың ең қолайлы кезеңі – 30 жасқа дейін. Сондықтан жастарға жыныстық тәрбие беру мен ақпараттандыру жұмыстарын күшейту қажет.

«Бедеуліктің шешімі тек ЭКО емес. Әр науқасқа жеке тәсіл қолданып, табиғи жолмен жүкті болуға мүмкіндік жасау керек. Алдын алудың ең тиімді жолы – әр адамның өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы», – деді Байқошқарова.

Қазір еліміздің барлық 20 өңірінде бас репродуктологтар жұмыс істейді. Олар шалғай ауылдарға барып, түсіндіру және ақпараттық жұмыстар жүргізіп жатыр.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →