×

Ақтөбе облысында қайтарылған активтер есебінен жаңа медициналық пункт ашылды

Ақтөбе облысында қайтарылған активтер есебінен жаңа медициналық пункт ашылды
Ақтөбе облысы әкімдігі

Ақтөбе облысының Қобда ауданына қарасты Бегалы ауылында жаңа медициналық пункт пайдалануға берілді. Бұл нысан қайтарылған активтер есебінен құрылған Арнаулы мемлекеттік қордың қаражатына салынған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жобаның жалпы құны 132 миллион теңге, оның 65 миллионы Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген. Нысан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынды.

Аумағы 150 шаршы метрден асатын жаңа ғимарат бір ауысымда 25 адамды қабылдай алады. Пункт ауылдың 300-ден астам тұрғынына алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Ол заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған, ал ғимараттың кіреберісі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделген.

Медицина қызметкерлері үшін де жаңа пунктте жұмыс істеу жағдайы жақсарған.

Айта кетейік, Ақтөбе облысында қайтарылған активтер есебінен ауылдық медицина саласында 11 жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның бесеуі пайдалануға берілді, алтауының құрылысы жалғасуда.

Республикалық деңгейде қайтарылған активтер қаражаты есебінен 2024–2025 жылдары денсаулық сақтау нысандарын салу мен жаңғыртуға 144,2 миллиард теңге бағытталған. Бұл қаржының есебінен ауыл тұрғындарының сапалы медициналық қызметке қолжетімділігі артпақ.

Ұлттық жоба аясында 2022–2025 жылдары 813 медициналық нысан салу жоспарланған, оның ішінде 620-сы алғашқы медициналық-санитариялық көмек пункті. Биыл 392 нысанның құрылысы аяқталып, келесі жылы тағы 188 нысан іске қосылады.

Денсаулық сақтау инфрақұрылымының дамуының арқасында онкологиялық ауруларды ерте анықтау көрсеткіші 3,5%-ға өсіп, 32,6%-ға жетті. Сонымен қатар инсульт орталықтарының саны артты, бұл – тромболиздік ем қабылдайтын науқастар үлесін 6%-ға дейін көтеруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар жаңа мамандандырылған орталықтардың ашылуы балаларға оңалту көмегінің қолжетімділігін едәуір арттырды.

Медицина инфрақұрылымын және қызмет көрсету сапасын жақсарту жөніндегі кешенді шаралар ауыл тұрғындарының өмір сүру ұзақтығына оң әсерін тигізді, көрсеткіш 2024 жылдың қорытындысы бойынша 74,2 жасқа ұзарған.

Мемлекет ауылдық медицина жүйесін жаңарту арқылы қала мен ауыл арасындағы медициналық теңсіздікті азайтып, қазақ ауылдарының өмір сапасын жақсартуды көздеп отыр.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →