Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Қазақстандағы фармацевтика нарығына қатысты ең қатқыл мәлімдемелердің бірін жасады. Ол бірқатар компанияны жылдар бойы монополия орнатып, елді «жасанды дәрі тапшылығына» әкелді деп айыптады. Өз үндеуін депутат TikTok-та жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Әбеновтың айтуынша, «фарммафия» аталған топтың әрекеті салдарынан Қазақстанда мыңдаған дәрі айналымнан жоғалып, ел фармацевтика жағынан оқшауланған күйге түсті. Депутат соңғы жылдары бюджет өссе де, халыққа қолжетімді дәрілер саны керісінше күрт азайғанын айтты.
«Фарммафия, сіздерге жақында келеді. Блогерлерге ақша төлеп, мақала жаздырғанша, ең алдымен қанша адамның өліміне себепкер болғандарыңызды ойлаңыздар», – деді ол.
Әбенов көрші санкциядағы Ресейде 18 мың дәрі қолжетімді, жыл сайын 10–15% өсіп отырғанын атап өтті. Ал Қазақстанда соңғы жылдары 12 мыңнан 6,5 мыңға дейін қысқарған.
«Міне, фарммафия деген осы. Дәрі сатып алуға бөлінген ақшаны екі есе арттырдық, бірақ сатып алынатын препараттар саны 70% азайды. Өйткені оларға солай тиімді: аз дәрі, бірақ көп пайда», – деп күйінді депутат.
Депутат дәрінің бағасы қалай қолдан өсірілетінін де түсіндірді.
«Өндірушіде препараттың бағасы — 1000 доллар. Делдалдардың әрқайсысы 500–1500 доллар қосады. Ақырында мемлекетке 4000 долларға сатылады. Мұндай дәрілер өте көп», – деді ол.
Әбеновтың айтуынша, бұл – қылмыстық схема, ал ҚҚС-ті алып тастау бақылауды одан әрі әлсіреткен.
Депутаттың сөзінше, делдалдық кесірінен кейбір тар бағыттағы онкологиялық препараттардың құны 46 млн теңгеге дейін жеткен, тек тексеріс басталғаннан кейін ғана баға 32 млн теңгеге түскен.
«Бұл — айсбергтің ұшы ғана. Бәсеке жоғалды, халықаралық брендтер елге кіре алмады. Нарық тар шеңбердегі “бақыттылардың” қолында қалды», – деді ашынған Әбенов.
Әбенов фармкомпаниялардың мүддесін көздеген комиссиялар жаңа дәрілерді тіркеуді әдейі жылдар бойы созғанын айтты.
«Дәрігер пациентке айтады: дәрі бар, бірақ Қазақстанда рұқсат етілмеген. Өзбекстаннан немесе Ресейден алып келуге болады. Неге рұқсат етілмеген? Өйткені ол Денсаулық сақтау министрлігіндегі тексерістен жылдар бойы өтпеген», – деп бөлісті депутат.
Депутат заңсыз табысты қайтарып алу, делдалдық тізбектерді жою және дәрі қолжетімділігін қалпына келтіру қажет екенін айтты. Оның сөзінше, қазір қатаң тексеріс басталды.
«Жақын арада тергеу нәтижелері жарияланады», — деді ол.