×

«Саламатты Қазақстан» пойызы 100 мыңға жуық ауыл тұрғынына медициналық және заңгерлік көмек көрсетті

Еліміздің 17 өңіріндегі 123 ауылды аралап шықты

«Саламатты Қазақстан» пойызы 100 мыңға жуық ауыл тұрғынына медициналық және заңгерлік көмек көрсетті
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Алматы қаласында «Саламатты Қазақстан» медициналық-құқықтық пойызының кезекті бағыты өз мәресіне жетті. Биыл да жоба шалғай өңірлерде медициналық және заңгерлік көмекті ұйымдастырудың ең тиімді тетіктерінің бірі екенін тағы дәлелдеді. Пойыздың дәрігерлері мен заңгерлері 100 мыңға жуық ауыл тұрғынына кәсіби қолдау көрсетті.

Жобана Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бірлесіп жүзеге асыруда.

20 мың шақырымнан астам жол жүрген пойыз еліміздің 17 өңіріндегі 123 ауылды аралап шықты. Маршрут Қазақстанның батысындағы шалғай елді мекендерден бастап, солтүстік, шығыс және оңтүстік аймақтарды қамтыды.

Пойыз құрамында 29 тар бейінді дәрігер жұмыс істеді. Сапар барысында мамандарға 95 812 адам қаралды, олардың әр үшіншісі – бала. Дәрігерлердің кешенді тексерулері нәтижесінде 2 000-нан астам ауыр созылмалы ауру ерте сатысында анықталды. Оның ішінде онкологиялық дерттер, қант диабеті, глаукома, тромбоз, жүрек-қан тамырлары жүйесі аурулары бар. Ерте диагностика ауыл тұрғындары үшін уақытылы ем-дом алуға жол ашты.

Заңгерлік көмекке деген сұраныс биыл да жоғары болды. Пойыздың заңгерлері 3 712 өтінішті қабылдап, оның 67%-ын әйелдер құрады. Өтініштер азаматтық-құқықтық және әкімшілік мәселелерді, жер және тұрғын үй дауларын, әлеуметтік қорғау мен жұмыспен қамту, сондай-ақ қылмыстық-құқықтық жағдайларды қамтыды.

Заңгерлер тек кеңес берумен шектелмей, күрделі істерді сүйемелдеді. Маңызды нәтижелер қатарында интернет-алаяқтардан зардап шеккен азаматтарға қаражатты қайтару (оның ішінде оқиғадан кейін 1-2 жыл өткен соң), «дропперлік» істерін сотқа дайындау және жолдау, әлеуметтік төлемдерді рәсімдеуге көмек көрсету, апатты үйлерді ауыстыруға жәрдемдесу, банктер мен микроқаржы ұйымдары алдындағы қарыздарды оңтайландыру және қайта құрылымдау бар.

«Соңғы жылдары ауыл тұрғындары үшін заңгерлік көмекке сұраныс айтарлықтай өсті. Бұл – цифрлық алаяқтықтың жиілеуі, құжат рәсімдеудегі қиындықтар және ауылдық жерлерде тегін құқықтық көмектің қолжетімділігінің төмен болуымен байланысты. Бұрын азаматтық-құқықтық мәселелер басым болса, қазір мамандарға қылмыстық істер бойынша да жүгінушілер көбейді», – деп атап өтті Ұлттық комиссия мүшесі, «Samruk-Kazyna Trust» КҚ бас директоры Альфия Адиева.

13 жыл ішінде жоба аясында 850 мыңнан астам адам медициналық және заңгерлік көмек алды. «Саламатты Қазақстан» пойызы бүгінде Орталық Азиядағы ауқымы ең кең, көшпелі медицина мен тегін құқықтық қолдауды қатар ұсынатын ірі жобалардың біріне айналып отыр.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →