Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова әлеуметтік маңызы бар аурулар тізіміне енгізілген өзгерістер науқастардың ем-дом алуына және дәрі-дәрмекпен қамтылуына еш әсер етпейтінін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Министрдің айтуынша, қант диабеті мен балалардың церебралды сал ауруы тізімнен алынғанымен, бұл науқастарға көрсетілетін ем мен медициналық көмек тоқтамайды және азаймайды. Өзгеріс тек ақшаның қай жақтан бөлінетініне қатысты. Ал емдеу де, дәрі-дәрмек те бұрынғыдай қолжетімді болып қала береді.
«Бізде медициналық көмекті қаржыландыратын екі жүйе бар. Бірі — тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі, екіншісі — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры. Бұған дейін қант диабетімен ауыратын науқастар дәрі-дәрмекті бірінші жүйе арқылы алып келсе, енді қаржыландыру медициналық сақтандыру жүйесіне ауыстырылады», — деді Ақмарал Әлназарова.
Министр диабет пен балалар церебралды сал ауруына шалдыққан барлық азаматтар мемлекеттің бақылауында қала беретінін, ал медициналық көмек толық көлемде көрсетілетінін атап өтті.
«Бірде-бір науқас көмексіз қалмайды. Қазіргі таңда бұл санаттағы азаматтардың 96 пайызы сақтандырылған. Олар дәрі-дәрмек пен медициналық қызметті бұрынғыдай алады, тек енді ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражаты есебінен көрсетіледі», — деді ол.
Министр науқастардың қажеттілігін алдын ала есептеп, дәрі-дәрмек қорын жеткілікті көлемде жоспарлағанын да айтты.
«2026 жылға әрбір науқасқа қажет дәрі-дәрмек толық көлемде сатып алынады. Бұған қоса, жаңадан анықталатын науқастар үшін шамамен 12 пайыз болатын қосымша қор қарастырылды. Ем ешқашан тоқтамауы тиіс», — деді министр.
Ақмарал Әлназарова кәмелет жасына толған мүгедектігі бар балалардың ата-аналары көтеріп жүрген мәселеге де тоқталды.
«Бұл жағдайда да бұрынғы тәртіп сақталады. Егер отбасының табысы төмен екені отбасының цифрлық картасы арқылы расталса, сақтандыру жергілікті атқарушы органдардың есебінен жүргізіледі. Ал табыс деңгейі ол санатқа жатпаса, 18 жастан кейін азамат медициналық сақтандыру жүйесіне өзі қатысуы қажет, — деп түсіндірді ол.
Министрдің айтуынша, айтылып жатқан сынның бір бөлігі науқастар үшін емес, дәрі-дәрмек сатумен айналысатын компаниялардың уайымынан туындап отыр.
«Кейбір дәрі жеткізуші компаниялар дәрі сатып алу азая ма деп алаңдап отыр. Ал науқастар үшін ешқандай қауіп жоқ», — деді ол.
Сөз соңында министр шешімнің бәрі науқастардың мүддесін қорғау мақсатында қабылданып отырғанын баса айтты.
«Қазақстандықтарға қабылданған шешімдер ешкімнің жағдайын нашарлатпайтынын айтқым келеді. Керісінше, емдеу үздіксіз жүргізіліп, денсаулық сақтау жүйесі тұрақты жұмыс істейтін болады», — деді Ақмарал Әлназарова.
Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында Денсаулық сақтау министрлігінің әлеуметтік маңызы бар аурулар тізіміндегі өзгерістер қызу талқыланған еді. Сол талқылау кезінде қант диабеті мен балалар церебралды сал ауруын тізімнен алып тастауы қоғамда пікірталас туғызған.