×

Алматылықтар төлемдегі үзіліс кезінде сақтандырылған мәртебесін 6 айға дейін сақтай алады

Бұл өзгерістер азаматтардың әлеуметтік жағынан қорғалуын арттырады

Алматылықтар төлемдегі үзіліс кезінде сақтандырылған мәртебесін 6 айға дейін сақтай алады
Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі

2026 жылы 1 қаңтардан бастап кемінде бес жыл бойы МӘМС жүйесіне тұрақты түрде жарна төлеп келген Алматы тұрғындары төлем уақытша тоқтатылған жағдайда да алты ай бойы сақтандырылған мәртебесін сақтай алады. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық бөлімшесінің директоры Мұхамеджан Ілияс осылай деді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жаңа норма әсіресе, жұмыс орнын ауыстырған жалдамалы қызметкерлерге керек, бірақ ол жарна төлеушілердің барлық санатын бірдей қамтиды екен.  

«Яғни, жұмысынан айырылған немесе уақытша қаржылық қиындыққа тап болған азаматтар медициналық көмексіз қалмайды, бұрынғыдай МӘМС аясында қызмет ала береді. Бірақ табысы қайта қалпына келгеннен кейін өткен айлардағы берешегін өтеуі керек», – деді ол.

Қазір «сақтандырылған» мәртебесі төлем тоқтатылғаннан кейін үш ай бойы сақталады. Бұл норма жарнаны төлеу ұзақтығына қарамастан әрі қарай да қолданыста болады. Сақтандырылған мәртебені алғаш рет алғандар бұрынғыдай 12 айға жарна төлейді.

Спикердің айтуынша, бұл өзгерістер азаматтардың әлеуметтік жағынан қорғалуын арттырып, медициналық сақтандыру жүйесінен уақытша шығып қалу қаупін азайтуға бағытталған.

Сондай-ақ, 2026 жылдан бастап МӘМС жүйесінде сақтандыру моделінің қаржылық тұрақтылығы мен әділдігін арттыруға бағытталған біраз өзгеріс енгізіледі. Атап айтқанда, жарнаны есептеу үшін табыстың жоғарғы шегі ұлғайтылады:

  • қызметкерлер үшін – 20 ең төменгі жалақыға дейін,
  • жұмыс берушілер үшін – 40 ең төменгі жалақыға дейін.

Қазіргі таңда бұл шек 10 ең төменгі жалақы болып отыр.

Спикердің айтуынша, шекті мөлшердің өзгеруі осы жүйедегілерге қаржылық жүктемені теңестіруге мүмкіндік береді, себебі қазір жоғары табысы бар азаматтар жарнаны салыстырмалы түрде аз төлейді. Бұл өзгеріс жыл сайын шамамен 200 млрд теңгедей қосымша қаржы тартуға жол ашпақ.

Сонымен қатар, аталған өзгерістер денсаулық сақтау қызметіне бәрінің әділ түрде қолы жетіп, мемлекет, жұмыс берушілер мен азаматтардың МӘМС жүйесіне теңдей қатысуына негізделген Бірыңғай медициналық көмек пакетін қалыптастыру үшін қолға алынып жатқаны айтылды.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →