×

Қазақстандықтар зейнетақы жинағын тағы бір медициналық қызметке жаппай жұмсай бастады

Қазақстандықтар зейнетақы жинағын тағы бір медициналық қызметке жаппай жұмсай бастады
gettyimages.com / Natalya Sambulova

2025 жылдың желтоқсан айында қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын гамма-пышақ пен кибер-пышақ арқылы жүргізілетін радиохирургиялық емдеуге белсенді түрде пайдаланды. Бір айдың ішінде бұл мақсатта 7 154 өтінім орындалып, 5,6 млрд теңге шешілген. Бұл – зейнетақы қаражатын медициналық қызметке пайдалану тарихындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Бұл туралы DATA-HUB мәлімет таратты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Статистикаға сәйкес, 1 желтоқсанға дейін радиохирургиялық емдеуге бар болғаны 507 өтінім беріліп, оның жалпы сомасы 548 млн теңгені құраған. Қараша айынан бастап өтінім саны күрт өсіп, айлық орташа көрсеткіш бірнеше есе артқан.

Аталған үрдіс алғашқы рет байқалып отырған жоқ. Бұған дейін азаматтар зейнетақы жинағын пластикалық операцияларға және көз ауруларын емдеуге жиі қолданған. Атап айтқанда, 2025 жылдың қараша айында пластикалық операциялар үшін 2 277 өтінім беріліп, 2,1 млрд теңге жұмсалған. Ал қыркүйек–қазан айларында офтальмологиялық қызметтерге қатысты өтінімдер саны ондаған есе артқан.

Сонымен қатар, зейнетақы қаражатын пайдалану талаптары кезең-кезеңімен қатаңдатыла бастады. 2025 жылғы қыркүйектен бастап тіс емдеуге зейнетақы жинағын пайдалану шектелді. 4 желтоқсаннан бері офтальмологиялық қызметтерге өтінім қабылдау тоқтатылды. Бұған дейін пластикалық операциялар да рұқсат етілген қызметтер тізімінен алынып тасталған.

Мамандардың айтуынша, шектеулердің күшеюіне қарамастан, азаматтар зейнетақы жинағын өмірлік маңызы бар медициналық қызметтерге бағыттауға әлі де мүдделі.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →