×

Медицина саласының белді өкілі Айгүл Қасымова өмірден өтті

Ол  алғашқы буын деңгейіндегі барлық реформалар мен өзгерістердің көшбасшысы болды

Медицина саласының белді өкілі Айгүл Қасымова өмірден өтті
Фото: instagram.com/akmaralalnazarova/

Бүгін еліміздің бүкіл медициналық жұртшылығы Республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығының тұрақты басшысы Айгүл Құбашқызы Қасымованың кенеттен өмірден озғаны туралы қайғылы хабардан қатты күйзеліп отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қаралы хабарды жеткізген Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова дәрігердің алғашқы буын деңгейіндегі барлық реформалар мен өзгерістердің көшбасшысы, өз ісіне шынайы берілген үлкен энтузиаст екенін атап өтті.

“Бұл – бүкіл сала үшін орны толмас ауыр қаза. Дәл оның басшылығымен Республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығының базасында кейіннен жүйелі реформалардың және халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттырудың негізіне айналған пилоттық жобалар пысықталып, енгізілді. Айгүл Құбашқызы денсаулық сақтау саласының дарынды ұйымдастырушысы, білікті менеджер, мемлекеттік деңгейде ойлайтын кәсіби маман әрі сирек кездесетін жауапкершілік сезімінің иесі ретінде ел жадында сақталады”, – деп атап өтті министр.

Сала басшысы марқұмның бойындағы шынайы энтузиазм, мамандығына адалдық, дәрігер мен басқарушының миссиясын терең түсіну сияқты асыл қасиеттерге айрықша тоқталды.

“Ол кең пейілді, адамдарға ашық, әрдайым қолдау көрсете білетін, шабыттандырып, ұжымды соңынан ерте алатын тұлға болды. Оның жарқын бейнесі әріптестерінің, шәкірттерінің және онымен бірге қызмет ету бақыты бұйырған жандардың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның туған-туыстарына, жақындарына, әріптестеріне және бүкіл медициналық жұртшылыққа шын жүректен көңіл айтамын. Қайғыларыңызға ортақпыз. Жатқан жері жарық, иманы саламат болсын!” – деп жазды Ақмарал Әлназарова.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →