Астанада балаларды стационарға қабылдау талаптары қатаңдатылды. Бұдан былай ауруханаға тек қызылшаға қарсы вакцинасы бар балалар ғана жатқызылады. Бұл шешімді қаланың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері бекітті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қаулы қызылша деректерінің күрт көбеюіне байланысты қабылданған. 6–28 қаңтар аралығында елордада 403 расталған жағдай тіркеліп, бұл айдың алғашқы аптасындағы көрсеткіштен шамамен үш есе жоғары болған.
Ауру жұқтырғандардың көбі – екпе алмаған балалар. Оның ішінде 257 жағдайда ата-аналар вакцинациядан бас тартқан, 112 бала жас ерекшелігіне байланысты екпе ала алмаған. Тағы 9 деректе жоспарлы вакцина уақытында салынбаған, ал 7 балаға медициналық қарсы көрсетілім болған.
Құжатқа сәйкес, 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің екпемен қамтылу деңгейі қайта тексеріліп, ата-аналардың келісімімен қосымша вакцинация жүргізіледі. Сонымен қатар 55 жасқа дейінгі медицина қызметкерлерінің де вакцина мәртебесі бағаланады. Ал 6–10 айлық сәбилерге қосымша екпе салу жоспарланған.
Білім беру мекемелерінің басшыларына күн сайын балалардың денсаулығын бақылау міндеті жүктелді. Ауру белгілері байқалған оқушылар ата-аналары келгенше оқшауланып, қажет болған жағдайда ауруханаға жіберіледі. Ал профилактикалық екпесі жоқ балаларды ұжымға қабылдау тек ұжымдық иммунитет деңгейі кемінде 90 пайыз болған жағдайда ғана мүмкін.