Жасанды интеллект жөніндегі жаһандық кеңесші, бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев электронды жүйелерде тіркелген жалған медициналық қызметтерге, соның ішінде жатыр мойны обырына арналған скринингтің ер адамдарға рәсімделуіне қатысты пікір білдірді. Ол бұл туралы Арман Абдолла жүргізетін подкастта айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz..
Әбішевтің айтуынша, мәселенің түп-төркіні eGov порталында және мобильді қосымшада қолжетімді электронды денсаулық паспортының жұмыс істеу логикасында жатыр.
«Бізде электронды үкімет порталында да, мобильді қосымшада да электронды денсаулық паспорты бар. Ол бар және жұмыс істейді», – деді ол.
Оның түсіндіруінше, егер мұндай қызметтер жаппай әйелдерге «жазылып қойылса», жүйе автоматты түрде шағымдар толқынын туындатар еді.
«Елестетіп көрейік: 700 мың әйелге жатыр мойны обырына скрининг фейк түрде рәсімделді делік. Бұл дерек eGov мобильді қосымшасында бірден көрініп, белсенді қолданушыларға хабарлама келер еді. Әйелдер “мен бұл скринингтен өткен жоқпын” деп шағымдана бастар еді», – деп түсіндірді ол.
Сондықтан, Әбішевтің сөзінше, ақпараттық жүйелердің қалай жұмыс істейтінін жақсы білетіндер шағымның алдын алуға тырысқан.
«Мұны жасаған адамдар жүйенің құрылымын жақсы түсінеді. Егер жатыр мойны скринингін ер адамдарға рәсімдесе, олардың электронды денсаулық паспортында гинекологиялық бөлім мүлде жоқ. Демек, ешқандай хабарлама келмейді», – деді ол.
Эксперттің айтуынша, техникалық тұрғыда мұндай деректерді енгізу мүмкін.
«Әкімші бұл қызметті жүйеге енгізе алады, автоматты қате шықпайды. Бірақ адамға хабарлама бармайды, демек, дау көтерілмейді», – деді Әбішев.
Осыған ұқсас тәсіл балаларға қатысты да қолданылғанын айтты ол.
«Балаларда электронды денсаулық паспортының жеке кабинеті де, eGov мобильді қосымшасы да жоқ. Сондықтан, мысалы, оларды басқа емханаға тіркеп қойғаны туралы хабарлама алатын жері болмайды», – деп түсіндірді сарапшы.
Ол хабарламаның болмауы шағымның да болмауына әкелетінін атап өтті.
«Адам көрмесе – шағымданбайды», – деп түйіндеді Олжас Әбішев.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілер мен БАҚ-та қазақстандықтардың электронды жүйелерде шын мәнінде алмаған медициналық қызметтері немесе дәрі-дәрмектері “рәсімделіп қойғаны” туралы бірнеше рет хабарланған.