×

Бюджет үш есе өсті, бірақ ем жоқ: Денсаулық сақтау министрлігінің қаржысы қайда кетіп жатыр?

Бюджет үш есе өсті, бірақ ем жоқ: Денсаулық сақтау министрлігінің қаржысы қайда кетіп жатыр?
Kursiv.media

Соңғы жеті жылда Қазақстанда денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы шамамен үш есеге жуық артқанымен, жүйедегі негізгі мәселелер әлі күнге дейін шешілмей келеді, деп хабарлайды Qaz365.kz..

Бұл пікірді жасанды интеллект жөніндегі жаһандық кеңесші, бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев Арман Абдолла жүргізетін подкастта айтты. Оның сөзінше, бюджет көлемінің күрт өсуі саланы жүйелі түрде реформалаумен қатар жүрмеген, соның салдарынан қоғам күткен нәтиже байқалмай отыр.

Әбішевтің айтуынша, 2018 жылы денсаулық сақтау бюджеті шамамен 900 млрд теңге болған. 2019 жылы ол 1 трлн теңгеден асып, 2020 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін 1,5 трлн теңгеге жеткен. Ал 2025 жылы ресми деректерге сәйкес, саланың бюджеті 3,4 трлн теңгені құраған.

«Яғни, денсаулық сақтауға бөлінетін қаржы 2,5–3 есеге артты. Бірақ мұндай өсімді ақтайтын объективті себептер болған жоқ», – деді ол.

Эксперттің сөзінше, халық саны бұл кезеңде айтарлықтай өзгермеген, аурулардың құрылымы да, емдеу тәсілдері мен дәрі-дәрмектер де бұрынғы күйінде қалған.

Соған қарамастан, азаматтар тап болып отырған мәселелер сол күйі сақталып отыр.

«Егер бюджет бірнеше есе өскен болса, соған байланысты барлық түйткілдер шешілуі керек еді. Алайда жеті жыл өтсе де, адамдар әлі күнге дейін дәрі-дәрмек ала алмайды, ауруханаларда орын жетіспейді, дәрігерге айлап кезек күту жалғасуда», – деді Әбішев.

Оның айтуынша, халықтың шағымдары 2018 жылмен салыстырғанда айтарлықтай өзгермеген, тек қаржы көлемі ғана 250–300 пайызға өскен.

«Мәселелер сол күйі қалды, бірақ бюджет бірнеше есе артты», – деп атап өтті ол.

Сарапшы мемлекет тарапынан ұзақ жылдар бойы дағдарыстарға жауап ретінде тек қаржыны көбейту тәсілі қолданылып келгенін айтты.

«Бізде бір әдет бар – өртті керосинмен сөндіргендей, ақша құя салсақ, бәрі өзінен-өзі шешіледі деп ойлаймыз», – деді ол.

Сондай-ақ Әбішев бұған дейін Үкіметте денсаулық сақтау бюджетін 2027 жылға қарай 4 трлн теңгеге жеткізу жоспарланғанын еске салды. Алайда 2026 жылдың басында Қаржы министрінің жария мәлімдемесінен кейін жағдай өзгерген.

«Қаңтар айында Қаржы министрінің сөзін естідік. Онда айтылған кейбір сандар көпшілікті таңғалдырды. Соның ішінде денсаулық сақтау саласында бюджет қаражатының қалай игерілгені де айтылды», – деді ол.

Олжас Әбішевтің пікірінше, қаржыны жай ғана көбейте беру, шығыстардың ашықтығын арттырмай және басқару тәсілдерін өзгертпей, саланың қордаланған мәселелерін шешпейді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →