Алматыда Балалар жедел медициналық көмек орталығының дәрігерлері 31 магнит жұтып қойған 1 жас 9 айлық сәбиге шұғыл ота жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, бала ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілген. Тексеру барысында дәрігерлер оның асқазанында ондаған магнит барын анықтаған.
Ота кезінде хирургтер магниттерді алып тастап, асқазанды жуып-шайған, құрсақ қуысын тазартып, инфекцияның таралуына жол бермеген.
Балалар жедел медициналық көмек орталығының хирургы Асқар Ризвановтың айтуынша, бөлек-бөлек жұтылған магниттер асқазан мен ішекте бір-біріне тартылып, өте қауіпті жағдай туғызады.
– Олардың арасындағы ішектер қысылып, қан айналымы бұзылады. Соның салдарынан тіндер жансызданады, тесік пайда болуы мүмкін. Мұндай асқынулар санаулы сағат ішінде дамиды. Көп жағдайда ата-аналар баланың жағдайы қаншалықты тез нашарлайтынын аңғармай қалады, – деді дәрігер.
Мамандардың ескертуінше, тіпті бір магниттің өзі шұғыл түрде дәрігерге қаралуға негіз болады. Ал бірнеше магнит жұту баланың өміріне тікелей қауіп төндіреді.
Дәрігерлер ата-аналарды кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауға, құрамында ұсақ магниттері бар ойыншықтар мен заттарды қолжетімсіз жерге қоюға шақырды.