×

Қазақстанда туберкулезден болатын өлім-жітім 5 есе азайған – профессор

Қазақстанда туберкулезден болатын өлім-жітім 5 есе азайған – профессор
Freepik

Соңғы он жылда Қазақстанда туберкулезден болатын өлім-жітім 5 есе төмендеді. 2014 жылғы 100 мың тұрғынға шаққанда 4,9 жағдайдан 2025 жылы 0,9 жағдайға дейін азайған. Осы кезеңде аурудың таралуы 2,5 есе кеміп, 100 мың тұрғынға шаққанда 105,9-дан 38,9-ға дейін төмендеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Жаһандық қордың «Туберкулез» компоненті бойынша  гранты жобаларын  іске асыру тобының менеджері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Шахимұрат Исмайылов осылай деді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Спикердің айтуынша, бұған туберкулезге қарсы ұлттық бағдарламаны жүйелі түрде жүзеге асырып, жаңа молекулярлы-генетикалық диагностика әдістерін енгізіп, туберкулезге қарсы тиімділігі жоғары жаңа дәрілерді қолданып, профилактиканы күшейткеннің арқасында  қол жеткен.  

«Қазақстанда туберкулезді анықтаудың жедел молекулярлы-генетикалық әдісі қолданылады, тиімділігі жоғары жаңа дәрі-дәрмек  қолданылады, профилактикалық ем  жағы да жетілді. Бұл бізге END TB стратегиясының мақсатына сенімді түрде  қадам басуға мүмкіндік береді», - деді Шахимұрат Исмайылов. 

Ол туберкулезбен күреске салынған инвестицияның денсаулық сақтаудан бөлек,  экономикалық тұрғыдан да тиімді шешім екенін атап өтті. 

«Туберкулезбен күреске салынған инвестиция – стратегиялық әрі экономикалық тұрғыдан негізделген шешім. Туберкулезбен күреске салынған әр доллар медицина саласы үшін 43 АҚШ доллары көлемінде экономикалық пайда әкеледі. Ұлттық бағдарламаны тұрақты қаржыландыру денсаулық сақтау жүйесін тұтастай нығайтуға ықпал етеді», - дейді спикер. 

Туберкулезге қарсы іс-шараларды негізінен мемлекет қаржыландырады. Бұл шамамен 96-97 пайыздай болады. Жаһандық қор жобалары қаржыландырудың өзіне тиесілі 3-4 пайыз сомасын  озық халықаралық тәжірибелерді енгізуге жұмсайды.  

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда Жаһандық қордың 2026-2028 жылдарға арналған «Туберкулез» компоненті бойынша жаңа грантын іске асыру басталды. Гранттың жалпы сомасы 6,23 млн (АҚШ) доллар болады. Қаражат зертханалық диагностиканы дамытуға, үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін қолдап, туберкулезді анықтау мен диагностикалауда жасанды интеллект технологиясын енгізуге, қоғамдық бақылауды кеңейтіп,   операциялық зерттеулер жүргізуге бағытталады. 

Шахимұрат Исмайыловтың айтуынша, аталған іс-шараларды іске асыру Қазақстанға 2035 жылға қарай туберкулезді жою жөніндегі жаһандық мақсатқа жақындауға мүмкіндік береді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →