Қазақстанда бірнеше жылдан бері жастар арасындағы суицидтік ойлардың алдын алу жолында кешенді жобалар жүзеге асырылып келеді. Бұл жолда білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салалары бірлесіп түрлі іс-шараларды атқаруда.
Ең алдымен, мектептер мен жоғары оқу орындарында психологиялық қолдау жүйесі күшейтілді. Көптеген білім беру мекемелерінде психологтар жұмыс істейді, олар оқушылар мен студенттердің эмоционалдық жағдайын бақылап, қиын жағдайға тап болған жастарға кеңес береді. Сонымен қатар буллингтің алдын алу, стресс пен эмоцияларды басқару тақырыптарында тренингтер мен ақпараттық сабақтар өткізеді.
Медицина саласында да арнайы бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Дәрігерлер мен психологтарға жастардың психологиялық күйін ерте анықтау және көмек көрсету бойынша арнайы дәрістер жүргізіледі. Бұл мамандарға қауіпті жағдайларды дер кезінде байқап, тиісті көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Қазақстанда тегін психологиялық көмек көрсететін сенім телефондары жұмыс істейді. Олар арқылы жастар анонимді түрде мамандармен сөйлесіп, өз мәселелері туралы айтып, қолдау таба алады.
Жастарға арналған сондай мекемелердің бірі – Алматыдағы Жастар денсаулық орталықтары. Алматы қаласындағы 12 емхананың базасында Жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді. 10-29 жас аралығындағы жастарға медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсететін орталықтарға былтыр 100 мыңнан астам адам жүгінген. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алу, психологиялық қолдау міндетін де атқаратын орталықта гинеколог, уролог, психолог, терапевт, дерматовенеролог, әлеуметтік қызметкер, юрист, мейрбике қызмет етеді.
Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Салауатты өмір салтын қалыптастыру және Жастар денсаулық орталықтарының қызметін үйлестіруші Аягөз Дәулетханқызының айтуынша орталықтарға жастар көбіне психологиялық қиындық, күйзеліс, суицидтік ойлар немесе эмоционалдық күйзеліс, репродуктивті денсаулық, ерте жүктілік және контрацепция, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар, отбасындағы қарым-қатынас мәселелері бойынша жүгінеді екен.
Мамандар жастарға тегін әрі конфеденциалды түрде кешенді қызмет көрсетеді. Ол қызмет негізінен жеке консультация, психологиялық қолдау, репродуктивті денсаулық бойынша кеңес, ЖЖБИ және ерте жүктіліктің алдын алу, психикалық денсаулық бойынша көмек және профилактикалық лекциялар, семинар, тренинг, ашық есік күндер түрінде жүзеге асады.
Оның ішінде суицидтік ойдың алдын алу бірнеше бағытта жүргізіледі.
*Күйзеліске түсіп орталыққа жүгінген адамды психологтар қабылдайды, қажет болған жағдайда бірнеше сеанс өткізеді.
*Тәуекел тобындағы жастар анықталып, олармен жеке жұмыс жүргізіледі.
* Мектептер мен колледждерде психикалық денсаулық бойынша тренингтер мен лекциялар өтеді.
*Қажет болған жағдайда психиатр немесе басқа мамандарға жолдама беріледі.
*Жастарға арналған сенім телефондары мен онлайн кеңестер де қолжетімді.
Qaz365.kz тілшісі Алматы қалалық адам ұрпағын өрбіту орталығы жанындағы Жастар денсаулық орталықтарын дамыту жөніндегі ресурстық орталықтың клиникалық психологы Елена Владимировнаға хабарласып, бірқатар сауалдар қойды.
– Адамдар Жастар денсаулық орталығына қандай мәселелермен жүгінеді ?
– Орталыққа жасөспірімдер мен жастар көбіне психикалық саулық және ұрпақ өрбіту мәселелері бойынша жүгінеді. Орталықта гинекологтар, урологтар және психологтар қызмет етеді. Психологтарға тек жасөспірімдер ғана емес, олардың ата-анасы және жастар келеді. Олар көбінесе жеке тұлғаның ішкі жан-дүниесіндегі қайшылықтар, адамдар арасындағы қақтығыстар, өзге адамдармен қарым-қатынастағы қиындықтар, мазасыздық, қорқыныш, енжарлық немесе көңіл-күйдің төмендеуі секілді мәселелелерге тап болғандар.
Сонымен қатар, өзін-өзі бағалау мен өзін бар болмысымен қабылдау барысында туындаған сауалдар, өмірде кездескен қиындықтар, мектептегі буллинг, сондай-ақ өзінің дене бітіміне көңілі толмау немесе қабылдай алмау, тамақтану тәртібі, мақсатқа жету жолындағы қиындықтарды жеңу сынды сұрақтар да жиі кездеседі.
– Оларға сіздер қалай кеңес бересіздер?
– Кәсіби талап бойынша психолог тікелей кеңес бермейді. Оның негізгі мақсаты – адамға өзін және өзінің жағдайын жақсырақ түсінуге көмектесу.
Алғашқы консультация кезінде маман клиенттің жағдайын анықтап, байланыс орнатады және оның нақты мәселесін анықтайды. Мәселенің деңгейіне қарай психолог әртүрлі психологиялық әдістер мен тәсілдерді ұсына алады.
Қажет болған жағдайда маман қосымша тексеруден өтуді немесе медициналық көмек алу үшін басқа дәрігерлерге жүгінуді ұсынуы мүмкін.
– Өмірден баз кештіретін ой адамға қайдан келеді, мамандар оларға қалай көмектеседі?
– Бұл ой жас-кәріні талғамайды. Жасөспірімдер мен жастарға мұндай ойдың келу себебі әртүрлі болуы мүмкін. Әрқайсының себебіне үңілу үшін нақты жағдайды білу қажет. Көбіне ол адамның өз-өзін өзі қабылдамауынан, ішкі қайшылықтарынан, жан-жағындағы адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнамағаннан немесе қарым-қатынас бұзылғаннан, ұзақ уақыт бойы күйзеліп жүргеннен, торыққаннан болуы мүмкін. Отбасы мүшелерінің бірінің созылмалы немесе ауыр науқас болғаны, отбасылық кикілжің, отбасындағы дағдарыс та адамға суицидтік ой салуы мүмкін. Мұндай ой адам миының түпкірінде жасырынып жатып, оның себебін өзі де білмеуі мүмкін. Ол кейде психобелсенді заттарды қабылдағаннан, отбысылық құпиялардан, толық тарқамай қалған қайғыдан өршіп кетуі мүмкін. Мұндайда психолог клиентті ондай ойдан арылту үшін нақты не мазалайтынын ашық айтуға шақырады. Диагностикалық әңгіме барысында жан-дүниесінде тоқырау барын немесе қалыптан ауытқу барын байқаса психиатр, психотерапевт, невропатолог, эндокринолог мамандарға, қажет болған жағдайда өзге де мамандарға қаралуды ұсынады. Ал егер жағдай ушығып клиентте суицидтік ойлар елеусіз ғана емес, тым айқын сезілсе психолог тез арада психиатрға жүгінеді. Егер жас адамның ойында бұдан бұрын да, қазір де суицидтік ойдың ұшқыны болса оған ол ойдан қашу емес, өлім туралы ашық айту көбірек көмектеседі. Клиент өлім дегенді қалай түсінеді? Неге ол туралы ойлайды? Суицид арқылы қандай мәселені шешкісі келеді? Талапқа сәйкес өлім туралы әңгіменің өзі іштен тынып тұрған адамды жеңілдетіп, суицид мәселені шешпейтінін, тек ушықтыратынын түсіндіреді. Сонымен қатар, клиентке өзі қолданып жүрген психологиялық реттеу мен психотерапия әдістерін, дәрігердің толық тексеруінен өтуді ұсынады.
Жастар денсаулық орталықтары – еліміздегі психологиялық қолдау, суицидтік ойлардың алдын алу бағытында жұмыс істеп жатқан көптеген мекемелердің бірі. Мұндағы мамандардың кәсіби қызметі еліміздегі ұрпақ саулығын нығайтуда атқарылып жатқан мемлекеттік саясаттың ауқымды жүгін арқалап отыр. Бұл ресурстар жасөспірімдер мен жастарға қиындық туындаған сәтте кәсіби көмек алуға мүмкіндік береді. Ең бастысы – өз сезімін айтуға және қолдауға жүгінуге батыл болу.